26.02.2021, 11:14
Оқылды: 137

Жаңақалада тартысты турнир өтті

Жаңақала ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі және аудандық «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен волейболдан аудан біріншілігі өтті. Айта кетсек, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар толықтай сақталды.

жаң

Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерініңшығарылған күніне 32 жыл толуына орай ауған соғысының ардагерлері және ауған соғысынан қаза тапқан ардагерлер Жақсыбек Ғабдуллин, Мағаз Давлетов, Альбер Жанбаев, Махсот Ибрашев және Тілекқабыл Суханкуловты еске алуға арналған волейбол жарысына 11 топ қатысып, бақ сынады.

Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің басшысы Ербол Жұмағазиев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әлихан Досмұхамбетов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Жанболатов, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жайсан Есекенов, аудандық «Jastar» спорт клубының директоры Жанболат Гумаров және ауған соғысының ардагерлері, соғыстан қаза тапқан ардагерлердің тума-туыстары, құрдастары, ұрпақтары қатысты.

Жарыс барысында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары А.Нұрғалиқызы соғыс ардагерлерінің, соғыстан қаза тапқан жауынгерлердің еңбегі зор екендігін айтып, отбасыларына естелік сыйлық табыс етті. Одан әрі жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі Қуанышбек Айдарбеков «Ауған ерлері» әнін тамылжыта орындады.

Финалдық ойындар тартысты әрі қызықты өтіп, нәтижесінде I орынды №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебі иеленді. II орынды аудандық «Jastar» спорт клубы қанжығасына байласа, III орынды аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі еншіледі. «Үздік тосқауыл қоюшы» бағанын Ерлан Халықов (аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі), «Үздік байланыстырушы» бағанын Әділғали Жолдыбаев (№3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебі) жеңіп алса, Бейбіт Ермекқалиев (Жаңажол ауылдық округі) «Үздік шабуылшы» бағанына лайықты деп танылды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегер топтар марапатталып, ұйымдастырушылардың атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале