Бүгін мәдени-демалыс орталығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған аудандық фестиваль өз мәресіне жетті. Наурыз айының соңында бастау алған тәлімді шараны Жаңақала мектеп-гимназиясы, №3 Жаңақала ЖОББМ мен Жаңақала ЖОББМ қорытындылады.
Мәдениет үйінің фойесінде ұстаздар тақырыпқа сай көрме дайындады.
Қойылым түрінде ұйымдастырылған кезекті фестивальде ең алдымен Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етілді.
Ашық аспан астында ойнап-күліп, бейбіт өмір кешіп, күнделікті күйбең тірлікпен айналысып жүрген жұмысшылардың тосыннан басталған соғысқа аттануы. Жарын, ұлын, әкесін, бауырын қимастықпен шығарып салған әйелдер. Майдан даласы. Үздіксіз ұшқан оқтар, мезгілсіз жарылған бомбалар. Ғашығына, анасына, бауырына жазылған толассыз хаттар. Жараланған солдат. Ұлынан келген қаралы хатты еңірей оқыған азалы ана. Мәншүктің монологы. Лагерьдегі аштықтың дәмін татқан бейкүнә балалар. Ұрыс даласында шырқалған «До свидания, мальчики!», «Кестелі орамал», «Солдат рухы», «Журавли» әндері мен «Смуглянка-молдаванка» әніне бұрала билеген қыздар. Бес жылға созылған сұрапыл сәтті бір сағат уақытқа сыйғызған мектеп ұжымдарының тек білім берумен ғана шектелмей, берілген рөлдерін керемет орындап, жүрекке жеткізгендеріне ерекше тәнті болдық. Залға лық толы жиналған көрерменнің зор қошеметі соның айғағы.
Шарада тәуелсіз еліміздің ұландарынан құралған балалар хор ұжымы «Әрқашан күн сөнбесін!» әнімен нүктесін қойды.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы