22.10.2021, 14:56
Оқылды: 263

Жаңақалаға жаңа музей керек

Жаңақала ауданындағы Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейі орналасқан ғимараттың бүгінгі жай-күйі көңіл көншітпейді. Аудан қайта құрылғанда немесе елу жыл бұрын салынған ескі орынның қазіргі келбеті – көріксіз, сұқбыты – сұрықсыз. Ауданның арғы-бергі тарихынан сыр шертетін жәдігерлер бұл музейде дәрменсіздің күйін кешіп, амалсыз тұрғандай.

10

Шіркін, жаңа орын, кең жер болса, жарқырап тұрар еді ғой менмұндалап. Айтпақшы, музейдің жаңбыр жауа қалса, шатырынан су кететіні тайға таңба басқандай, көрер көзге айқын көрініп тұр. Төбе шашыңды тік тұрғызып, төбеден су кету дегенің – бұл үлкен қауіптің басы емес пе? Алда-жалда су тиіп, электр жарығының салдарынан өрт оқиғасы орын алса, өкініш өзегімізді өртейді-ау. Бұл музейде қайта қалпына келмейтін, ешбір жерден табылмайтын, ақшаға да сатып алынбайтын қаншама құнды «тарих» жатыр.

9

14

Жалпы, «Музей дегеніміз не? Оның мән-маңызы қанша?» деген сауал-сұраққа жауап іздеп көрейікші.

Музей – өткен тарихты жаңғыртып, бүгінгі құндылықтарды саралап, Отанға, жерге деген патриоттық, отансүйгіштік сезімді оятып, болашаққа көзқарасты қалыптастыруға септігін тигізетін киелі орын. Музейлерде жинақталған жәдігерлер музейдің жаны саналады. Әр жәдігер өзінің тарихымен құнды.

Музей – әр халықтың барлық уақыттағы тарихи-мәдени байлығы жинақталған ең үлкен рухани орталық. Музей заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді. Бүгінде музей – тек ғылыми зерттеу, мәдени-ағарту мекемесі ғана емес, ол ұлттың ұлт екенін айғақтайтын киелі мекен. Музей тек экспозиция мен білікті мамандардың ғана емес, ол ерекше рухани орда, құнды жәдігерлер әлемі.

«Музей ғимараты қауіпті жағдайда»

- Д.Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейі 1991 жылы 22 ақпанда күйші Дина әженің туғанына 130 толуына орай ашылған. Музей орналасқан бұл ғимарат 1972 жылы аудандық пионерлер үйі ретінде бой көтеріп, кейін балалар кітапханасы болған.

2008 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейі филиалдарының қатарына қосылып, жаңа жәдігер, тың деректермен толықты. Музей қорында 2388 жәдігер сақталған. Соның ішінде негізгі қорда 1612, қосалқы қорда 776 жәдігер бар. 2009 жылы музей ғимаратының ішкі экспозициясы жаңартылды. Музейдің сыртқы құрылысына жөндеу жұмыстары өткізілмеді. Есік, терезелері ауыстырылған жоқ. Жақтаулары түсіп, тозығы жетіп тұр. Қазіргі таңда музей ғимараты қауіпті жағдайда. Жауын-шашын кезінде ішке су кетіп, электр жарықтарына әсер етеді. Кейде жарық сөніп қалады. Өз басым жаңбыр кезінде музейді келіп қарап, тексеріп отырамын. Өртеніп кете ме деп қорқамыз, - дейді Д.Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінің меңгерушісі Сымбат Рысқалиева. Айтса айтқандай, ескірген, жөндеу көрмеген музей ғимаратының болашағы бұлыңғыр екені даусыз.

13

Бұл туралы жерлесіміз, ақын Закария Сисенғалидың да айтары бар:

- Музей ғимаратының әбден тозығы жетті. Қабырғалары қақырап тұр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» екі сымның ұшы тиіп кетсе, түгел ауданның тарихынан, жәдігерінен айырыламыз. Бірақ ондай бармақ тістетер өрт оқиғасынан құдай сақтасын. Дегенмен де бейжай отыруға болмайды. Тезірек жаңа музей салуға қам жасауымыз қажет. Немесе басқа жолын іздеуіміз керек, - дейді ол.

Өнер және мәдениет жанашыры Закария Жүсіпқалиұлы музейдің мәселесін Жаңақала ауданына келген сапарында облыс әкімі Ғали Есқалиевке де жеткізді. Аймақ басшысы өз кезегінде жаңа музей салуға қолдау көрсетінін тілге тиек еткен еді.

Түйін

Жаһандану заманында әлемнің көптеген елі жаһандық үрдіске ереміз деп ұлттық болмысы мен рухани құндылығынан айырылып, азып-тозудың алдында тұрғаны белгілі. Ойланып қарасақ, ұлттық  құндылық байлықпен не экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Ұлттық құндылық – біздің рухани құндылығымыз, адами қасиеттеріміз, қазақи таным-түсінігіміз бен болмысымыздан, салт-дәстүрімізден бастау алатыны сөзсіз. Елбасының «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген ойы осыдан туындаса керек. Бұл тұрғыда музей – тарих пен дәстүрдің ұштасқан, ұрпақтар жалғастығының негізгі алтын көпірі. Ал көнеден жеткен жәдігерлерді жинақтап, көздің қарашығындай сақтайтын осынау мәдени ошақтың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор екені айдан анық. Сол себепті Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінің ғимараты айрықша көңіл бөлетін әрі уақыт күттірмейтін межелі мәселе болуы шарт. Елімізге мейман келсе ұялмай апаратындай, ішіне де, сыртына да көзіміз тойып, көңіліміз марқаятындай музейге жаңа ғимарат ауадай қажет. Қысқасы, Жаңақалада жаңа музей ашылып, қуанышқа кенелер күн жақын болғай демекпіз!

 Мирболат Ерсаев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Жаңақаланың тамыры тереңде жатыр. Әрбір қиыршық тасы тарихтан сыр шертетін өлкенің тарихи құндылықтары мен мұраларына қамқорлық жасалуда. Мұралар жиылып, жинақталып, қатарлары толығып, әр жыл сайын жаңа бір дүниемен байып келеді. Осының бәрі де өлке тарихын зерделеген тарихшылар мен музей қызметкерлерінің жанкешті еңбегі екені даусыз. Бүгінгі күнде халықққа қызмет етіп, өткен күндердің белгісіндей болып тұрған Дина Нұрпейісова атындағы музей ғимараты өзі қорғап тұрған экспонаттар секілді көненің көзі болып отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласының негізінде облысымыз бойынша музейлерге қамқорлық көрсетіліп, бірнеше аудандарда кең, жарық, көз тартатын тамаша музей құрылыстары жүріп, бүгінгі күндері қоғам игілігіне қызмет етіп тұр. «Пай-пай, шіркін!» деп қуанамыз, әрине. Осындай бір тамаша ғимарат біздің Жаңақаламызда да бой көтеріп, тамырын тереңге тартқан тарихтан сыр шертіп, менмұндалап тұрса, аудан руханиятына қосылған үлкен олжа болар еді. Себебі, тарихқа бай, өнердің астанасы атанған Жаңақалаға сондай бір музей кешені жарасып-ақ кетер еді.

Биылғы жыл күй анасы – Дина әжеміздің туғанына 160 жыл болса, әже атындағы өнер музейіне 30 жыл, мемлекет қайраткері Сәбит Жадановтың туғанына 90 жыл болса, Исатай, Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің басталғанына 185 жыл толады. Осының бәрі аудан тарихынан, өткенінен сыр шертеді. Келер жылы да ауданымыз үшін айтулы даталар жоқ емес атап өтер болсақ, таныстыруды қажет етпейтін Қали Жантілеуовтың туғанына 120 жыл, тарих ғылымдарының докторы, профессов Хамит Мадановқа 95 жыл, Социалистік Еңбек ері Алексей Васильевичке 90 жыл, қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешовке 140 жыл, Кеңес Одағының батырлары Есен Шегірейұлына 100 жыл, Мәжит  Жүнісовке 105 жыл, Жаңақала ауданының қайта құрылғанына 50 жыл, ақын Закария Сисенғалидың туғанына 65 жыл, ақын Асылбек Ишановтың о дүниелік болғанына 15 жыл толады. Бәрі-бәрі де атан түйеге жүк боларлықтай айтулы күндер. Аудан тарихы осы адамдардың бәрінің есімімен тығыз байланысты. Бұл адамдардан бөлек те нардай-нардай қайраткерлер мен өнерпаздар жоқ емес. Барлығы дерлік келер ұрпаққа насихатталуы тиіс тұлғалар мен тарихи оқиғалар. Ауданымыздың өткені мен бүгінін бүтіндеген 3 томдық жинақ оқырманға жол тартқан болса, сол жинақтың ішіне енген тұлғалардың мұралары мен тарихи жәдігерлер қорғауға алынып, халыққа насихатталса дейміз. Бүгінгі күндері аялап, әлпештеудің, жамап, жасқаудың арқасында халыққа қызмет етіп тұрған музей  ғимаратының болашағына үлкен күдікпен қараймыз. Музейді қорғамау – тарихқа жасалған қастандық деп бағалаймыз. Өнердің астанасында, таңбалы тарихтың ордасында сән-салтанаты жарасқан, кең, көз тартарлықтай музей кешені салынып, халық игілігіне берілсе деген тілек, ниетіміз бар. Өткен күннен белгі боп қалған, ата-бабаларымыз бен даңқты дарабоздардың көзі мен үніндей болған жәдігерлерге жанашырлықпен қарайық!

Алтынбек Ермекқалиев,

облыстық мәслихат депутаты

Жаңақала ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале