Бүгін аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен тұрақты оқырман, Жаңақала ауданының құрметті азаматы, аудандық электр жүйесі торабының ардагері Шаһидолла Әбуғалиевтің 70 жасына орай «Елге елеулі азамат» мерейтой кеші өтті.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің, Жаңақала электр жүйесі торабының директоры Сатжан Сұлтанғалиұлы мен ардагерлер кеңесінің мүшесі Тыныштық Өтешқалиев Көпжасар ауылының әкімі Нұрбол Серікұлының алғысхатын табыс етті. Сонымен қатар Ақжайық ауданының ақыны, сол ауданның құрметті азаматы, кеш иесінің замандасы Сағынтай Бисенғалиев пен Жаңақазан ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Нұрсұлу Ғалимуллина құттықтау лебіздерін білдіріп, естелік әңгімелерімен бөлісті.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рашид Шақудың ағамызға арнаған өлеңін Исатай Әбубәкір, Қазақстан Жазушылар жәге Журналистер одағының мүшесі, ақын Закария Жүсіпқалиұлының «Шаһидолла Абуғалиев» өлеңін кітапханашы Саят Ермекқызы және 8-сынып оқушысы Жанайым Әсемхан «Шаһидолла ағаға» арнауын оқыды.
Қ.Жантілеуов атындаға балалар музыка мектебінің ұстазы Ханзада Самиғалиқызының жетекшілігімен бір топ оқушылар Ноғайдың «Нәр ағашы» күйін шертсе, аталмыш мектеп мұғалімі Гүлайым Темірғалиқызының жетекшілігімен «Попурри вальсті» Гүлсезім Уахит қобызбен сүйемелдей орындады.
Ақерке Ғабдуллина мен Жанболат Мусағалиев Ақжол Түменбайдың сөзіне жазылған Үкітай Ернязовтың «Екеуміз» әнін шырқаса, Талғат Қайырғалиұлы Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Әсет Бейсеуовтің «Ағаларым» әнімен кешті қортындылады.
Айнұр Нұрғалиева,
Жаңақала ауданы