28.05.2021, 10:35
Оқылды: 111

Жаңақалалық еңбегі зор архив қызметкері

Жаңақала аудандық архивінде 25 жылға жуық еңбек еткен Жүсіпберген Бақтығұлов зейнеткерлік 63 жасқа толуына орай БҚО  ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы басшысының алғыс хатымен марапатталды.

 Еңбегі мол архив қызметкері

Жүсіпберген Мәденұлы 1958 жылы 1 мамырда Жаңақала ауданы, Тұрдығұл   ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1965 жылы Есендік бастауыш  мектебінде оқыған. 1975 жыл  С.М.Киров атындағы орта мектепті бітіріп, еңбек жолын Жаңақала кеңшарында көмекші жылқышы болып бастады. 1976 жылдың қараша айында Кеңес әскері қатарына алынып, 1978 жылы оралды. Әскерден келгеннен кейін қайта Жаңақала кеңшарына жұмысқа кірісті. 1979 жылдың  қазан айынан бастап аталмыш кеңшарға есепші болып орналасқан. Содан  1993 жылға дейін кеңшарда есепші, жанармай қоймасының меңгерушісі, бөлімше бухгалтері, еңбек жөніндегі экономист қызметтерін атқарды. 1993 жылдың мамыр айынан бастап Жаңақала аудандық архивінде бухгалтер, кейін архивариус болып 2017 жылға дейін жұмыс атқарған.

Ж.Бақтығұлов архивист ретінде номенклатура жасау, істерді сараптау, түптеп тігу, тізімдеме жасау тағы да басқа жұмыстарды мұқият атқарды.

Ведомостволық архивтермен үнемі байланыс жасап, істерді сараптауға, тізімдемелер жасауға көмектесіп отырды. Азаматтардан жеке тектік құжаттарды қабылдау кезінде де белсенділік танытты.

Ұжым арасында беделді. Өзгені сыйлап, өзін де сыйлата біледі. Көпшіл, жұмысқа аса ұқыптылықпен, тиянақтылықпен қарайды. Бейнеттің зейнетін көрген ағамызға амандық тілейміз.

Нұргүл Елтайқызы,

Жаңақала аудандық архивінің архивисті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале