8.07.2021, 18:41
Оқылды: 170

Жаңақалалық үлгілі ұстаз

Жаңақалалық Нұрбике Мырзағалиева көп жылдық еңбек өтілі бар, тәжірибесі мол, ақылымен де, білімімен де, ісімен де көпке үлгі бола алатын жан-жақты, үлгілі ұстаз. Тәжірибелі ұстазды қай қырынан алып қарасақ та, ерекше қасиеттерімен көзге түседі. «Ұстаз болу – өзіңнің уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» дегендей, бар өмірін ұстаздық жолға арнап, қызығы мен шыжығына тәнті болып жүрген аяулы ұстаз десек, артық айтқандығымыз емес.

 Үлгілі ұстаз1

Күнделікті сабағына күні бұрын дайындалып, әр сабағының қызықты да тартымды өтуіне ықыласпен көңіл бөледі. Оқушылардың есептерді шығару, формула, теоремаларды дұрыс меңгеруін жіті қадағалайды. Егер түсінбей қалған оқушылар болса, оларды қосымша сабақтарға шақырып, тақырыпты түсіндіріп жіберуге тырысады. Өз сабақтарында интерактивті тақтаны, қажетті ресурстарды тиімді пайдаланып отырады.

«Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен тіпті сырт пішіні киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деп Мәлік Ғабдуллин атап көрсеткендей, Нұрбике Жұмекеқызының бойынан осындай қасиеттердің бәрі де табылады. Шәкірттері де ұстаздың бойынан жақсы қасиеттерін үйреніп, ұстазы секілді ұстамды, сабырлы, жан-жақты болып өсіп келеді.

Тәжірибелі, білімді Нұрбике Жұмекеқызы әріптестерімен де тез тіл табысып, өз білгенін жас ұстаздарға үйретуден жалыққан емес. Әріптестерінің арасында сыйлы, өзін сыйлата білетін, өзгені де сыйлай білетін ардақты жан.

Бір үйдің бәйтерегі, тірегі отағасынан ерте айрылса да өмірдің қиын сынақтарынан сүрінбей өтіп, үш баласы, бір ұл, екі қызына әкелерінің орнын жоқтатпай, әкенің де, ананың да орнын өзі басып, балаларының аяқтанып кетуіне бар күш-жігерін жұмсады. Отағасына адал жар, балаларына асыл ана бола білді.

Математика пәні қиын да қызықты пәндердің қатарына жатады. Математикалық есептерді шығару үшін логикалық ой, ойлау қабілетінің жылдамдығы қажет. Нұрбике апай үнемі логикалық есептерді шығаруға құлшыныс танытып, алдына жан салмай келеді. Педагогикалық сайыстарға, конкурстарға қатысып, оқушыларын да шараларға қатыстырып, жүлделі орындарды иеленуде. Болашақта Нұрбике Жұмекеқызына жұмысына сәтті қадам тілей отырып, әлі де талай белестерді бағындырады деп сенім білдіреміз.

 

Нұргүл Аққалиқызы,

Ә.Жангелдин атындағы ЖОББМ-нің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале