8.01.2021, 12:07
Оқылды: 63

Жаңақалалықтардың саяси науқанға дайындығы қалай?

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау 2021 жылы 10 қаңтарға бекітілгені белгілі. Қазіргі таңда елдің барлық аймағында саяси науқанға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Маңызды кезеңге әзірлік барысы Жаңақала ауданында қалай өтуде? Сайлау учаскелері сақадай сай ма? Осы жөнінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айдар Қаресовпен әңгімелескен едік.

 Айдар Қаресұлы1

- Айдар Қанатқалиұлы, жаңа жыл еліміз үшін аса маңызды саяси науқанмен басталғалы тұр. Еліміздегі осынау жауапкершілігі үлкен саяси науқанға дайындық қалай? Аудан бойынша қанша сайлау комиссиясы жұмыс жасайды.

 - Жаңақала ауданы бойынша жалпы 10 қаңтардағы ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауына дайындық жоғары деңгейде жүргізілуде. Аудан бойынша 24 сайлау учаскесі бар. Жаңақала аудандық аумақтық сайлау комиссиясы сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі жұмысын сайлау тағайындалған күннен бастап, жасалған күнтізбелік жоспарға сай жүргізуде. Тиісінше учаскелік сайлау комиссиялары да өз жұмыстарын жасауда. Атқарылуға тиіс жұмыстар жоспарға сай іске асырылуда. Ауданда call орталығы құрылды. Сонымен қатар сайлауға қатысты ақпараттарды тарату үшін арнайы чаттар жұмыс жасауда. Сайлау науқаны қыс мезгілінде өтуіне байланысты аудан бойынша қатынастарды кедергісіз атқару мақсатында 41 техника бекітілді. Жаңақала аудандық-аумақтық сайлау комиссиясында 7 адам және 24 сайлау учаскесінде 130 адам жұмыс жасайды. Күні бүгінге жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасы негізінде және сайлауға 30 күн қалғанға дейінгі болатын сайлаушылардың арызы негізінде  сайлаушылар тізіміне 14274 сайлаушы енгізілген. Сайлау учаскелерінде сайлауға түскен саяси партиялардың ақпараттық баспа материалдары, сайлау өтетін ғимараттағы тәртіп ережелері заңға сәйкес орналастырылды.

- Коронавирус пандемиясының сайлауға әсері болуы мүмкін бе? Бұл жағдайда дауыс беру тәртібі қалай қамтамасыз етіледі?

- Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 29 желтоқсан күнгі №69 «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының сайлауында дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу кезінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі шаралар туралы» қаулысына сәйкес сайлау өту кезіндегі санитариялық нормаларды сақтау шаралары алынуда. Барлық комиссия мүшелеріне жеке қорғану құралдары, атап айтқанда антисептик, бір реттік қолданатын бетперде, қолғаптар барлығы бөлініп берілді. Барлық сайлау учаскелерінде №69 қаулыға сәйкес белгіленген талаптар орындалып, түсінік жұмыстары жүргізілді.

- Осы саяси науқанға қанша партия қатысады және олардың сайлау науқанына дайындалуға уақыттары жеткілікті болды ма?

- Аудандық мәслихаттың сайлауына 3 саяси партия қатысады. Олар «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы және «ADAL» саяси партиясы. Барлық партиялар өздерінің сенім білдірген өкілдерін тіркеуге жағдай жасалып, әрбір сайлау учаскесінің алдында үгіттік баспа материалдарын ілуге орындар берілді. Сайлау науқанына дайындалуға уақыттары жеткілікті болды деп айта аламын.

- Қазіргі кезде сайлауға байланысты халықаралық деңгейде басты назар аударылып жатқан мәселе ол мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруі. Осы тұрғыдан қандай қадамдар жасалуда?

- Дұрыс айтасыз. Мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың дауыс беру құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Аудан бойынша 776 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Осы азаматтардың сайлау учаскелеріне кіруі мен дауыс беруі үшін барлық ғимараттарда пандус орнатылған. Барлық сайлау учаскелерінде олардың дауыс беру мүмкіндігін жеңілдететін арнайы кабина жасақталған. Қорыта айтқанда, осы топтағы азаматтардың сайлау құқықтарын пайдалануына толық жағдай жасалған.

- Сайлауда дауыс беру қай уақытта басталып, қай уақытта аяқталады?

- Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07:00-ден 20:00-ге дейiн үзіліссіз өтедi. Жекелеген сайлаушылары аз, шалғайда орналасқан 7 учаскені сайлаушылары толық дауыс беріп болған жағдайда аяқтауға шешім шығарылады.

- Егер сайлаушы сайлау күні дауыс беретін жерге келе алмайтын болса не істеуі қажет?

- Егер сайлаушы сайлау күні дауыс беруге келе алмайтын жағдайда сайлаушылар тізімі сайлаушыларға ұсынылған күннен бастап, яғни 26 желтоқсаннан бастап, сайлау өтетін күнгі күндізгі сағат 12:00-ге дейін өтінішін білдіруге мүмкіндігі бар. Өтінішін берген жағдайда үйінен барып дауыс алуға біздің сайлау комиссиясының мүшелері міндетті.

- Сайлау комиссияларының міндеттеріне не кіреді?

- Сайлау комиссиясының міндетіне өздеріне бекітілген аумақтарда, учаскелерде сайлауды ұйымдастыру мен өткiзудi қамтамасыз ету кіреді. Атап айтар болсақ, учаскелiк сайлау комиссиялары учаскелiк комиссияның орналасқан жерi, дауыс беру күнi, уақыты туралы сайлаушыларды хабарландырады. Сайлау учаскесiнде сайлаушылардың тiзiмiн нақтылайды, азаматтарды сайлаушылардың тiзiмiмен таныстырады. Тiзiмдердегi қателiктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қарайды және оған тиiстi өзгерiстер енгiзу туралы мәселелердi шешедi. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруға байланысты қажетті шаралар қабылдайды, сайлау күнi сайлау учаскесiнде дауыс берiлуiн ұйымдастырады. Дауыс берудi әзiрлеу мен ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi арыздар мен шағымдарды қарайды және солар бойынша шешiмдер қабылдайды және тағы да басқа заңмен бекітілген міндеттерді атқарады. Қазақстан Республикасының болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматты 10 қаңтар күні өз таңдауын жасауға шақырамын. Саяси науқанда еліміздің әр азаматының дауысы маңызды екенін естеріңізге саламын.

 

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале