13.09.2023, 17:15
Оқылды: 33

Жәнібек ауданы: aуыл тұрғындарымен жолдау талқыланды

Бүгін Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садырова мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұрболат Садырбаев 2023 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған Жолдауын талқылап, ауыл тұрғындармен пікірлесу мақсатында Ұзынкөл ауылына барды.

D9A5633B-8848-46FE-A7AE-85CB65B70131

Жолдауда еліміздің экономикасының құрылымына тоқталып, реформаның негізгі тұстарын жеткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылшаруашылығын дамыту туралы кесек ойларын айтқан еді.

Ауданымыздың бүгіні мен ертеңі тікелей осы салаға байланысты. Тозған техника мен жүйесіз істің кесірінен ауылшаруашылығының дамып кетуі екіталай. Оның үстіне осы жылдағы шөп шығымының төмен деңгейін қосқанда, Президенттің тапсырмаларына салғырт қарамай, шұғыл іске кірісу қажет. Шаруаларды қолдап, жан мен малдың қамы үшін қамданған жөн.

Жолдауда айтылған ең күрделі ауыз су мәселесін жеткізген ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері үнемдеу керегін ескертті. Елімізде жылдан-жылға қиындық туғызып, өзекті түйткілге айналған су шаруашылығы нысандарының алпыс пайызы тозып тұр. Сол үшін ел болып бұл мәселенің алдын алу үшін суды төгіп, шашпай, мұқият пайдалану керек.

Осы тектес бірқатар мәселелерді жеткізіп, Заңдағы өзгерістер, әртүрлі саладағы жетістіктер мен жаңалықтарды айтты.

Жиын соңында жалпы еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатқан қуаңшылық туралы пікір алмасып, тұрғындардың ұсынысын тыңдады. Әсіресе, жылқы малының қыстан шығуына күмәнмен қарайтын ауыл жұртшылығы мал басын азайту үшін тері өңдеу зауыты салынса деген өтінішін білдірді. Әйтпесе, ауылдың сәнін бұзып, қоқысқа тасталып, құр босқа шіріген терілер тұрғындардың мал санын азайту ісінде кедергі келтірері сөзсіз.

Ұзынкөлдіктер Жолдаудың мәні мен мағынасын сараптап тарқасты.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале