22.05.2025, 22:28
Оқылды: 91

Жәнібек ауданы: Ұзынкөл ауылында жаңа кітапхана ашылды

Бүгін ұзынкөлдік оқырмандар үшін маңызды күн. Келешек ұрпақтың рухани дамуының кепілі болатын, заманауи жабдықталған Ұзынкөлдік ауылдық кітапханасы салтанатты түрде оқырмандарына есігін айқара ашты.

image-22-05-25-09-10

Ауыл кітапханаларын жаңғыру – бұл болашақ үшін жасалған қадам. Бүгінде заманауи технологиялар мен білімге, мәдениетке қол жеткізу үшін кітапханалар сұранысқа ие қоғамдық орынға айналып келеді. Білім іздеген балалар мен жастардың шығармашылығын дамытуға арналған жаңа форматтағы руханият ордасының ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөзін алған аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов: -Адам баласы дүниеге келгеннен кейін оның өсіп-өнуіне ықпал ететін бірден бір рухани орта – кітапхана. Жаһандану заманында «Жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс бойынша 25 кітапхана енсе, соның бірі осы Ұзынкөл ауылына тиесілі. «Тана» қоғамдық қорына аудан әкімі атынан, аудан жұртшылығы атынан зор алғыс білдіреміз. Бұл жастарға көрсетілген ерекше қолдау, үлкен мүмкіндік. Адам қай жасқа келсе де, рухани бай болу үшін тырысу керек. Мемлекеттік саясат, жалпы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен осындай игілікті шара қолға алынып жатыр. Кітапхана ұжымына сәттілік тілейміз, оқырмандарыңыз көбейе берсін демекпіз, - деді.

Ұзынкөлдіктердің қуанышына ортақтасып, ашылу салтанатына арнайы келген «Тана» қоғамдық қорының жоба менеджері Динара Сейітқалиева, Батыс Қазақстан облыстық Жұбан Молдағалиев атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Шолпан Уразаева, Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана директоры Марфуға Айтқалиева кезекпен сөз алып, жылы лебіздерін үйіп төкті. Осындай игі шараға себепкер болып, өз үлестерін қосу мүмкіндігі бұйырғанына қуанышты екендіктерін тілге тиек етті.

Шолпан Қуанышқалиқызы, Жаннұр Бекбауұлы мен Ұзынкөл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Нұрлан Кәрімғалиев салтанатты түрде кітапхана лентасын қию рәсімін орындап, ғимараттың екінші қабатындағы кітапхана бөлімдерімен танысты.

Қолөнер бұйымдарымен айналысатын кітапханашы Әлия Қадырова ауданымыздағы ісмер, шебер киім дизайнері. Әлия «Креативті орталық» бөлімімен таныс қылды. Бұнда оның және оқырмандардың қолынан шыққан ұлттық және этно стильдегі киім үлгілері мен қолөнер бұйымдары көрермен назарына ұсынылды. Келесі «Кітап оқу орталығы» бөлімінің жұмысымен Күйгенкөл модельді ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлдара Өтемісова таныстырып өтті.

image-22-05-25-09-10-2

Шығармашылық әлеуетті дамыту балалардың болашағы үшін емес, қоғамның интеллектуалдық және мәдени өсуіне де әсер етеді. Кітапханаларда балалар өз туындыларын жариялауға, пікірталастарға қатысуға, бір-бірімен идея алмасуға мүмкіндік алады. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бүкіләлемдік деңгейде бүгінгі уақытта кітапхана саласында да кеңінен қолданысқа еніп келеді. «Балалар шығармашылығы орталығы» бөлімінде бұл үшін барлық жағдай жасалған.

Шара соңында қуанышы қойнына сыймаған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Джукина қорытынды сөз сөйлеп, алғыс пен жылы лебізін айтты.

 

Арай Сейфолла

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале