22.03.2024, 23:13
Оқылды: 47

Жәнібек ауданында Наурыз мейрамы жоғары деңгейде тойланды

Бүгін Жәнібек ауданында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы жоғары деңгейде тойланды. Күн арайлап шапағын таратар сәтте аудан тұрғындары орталық алаңға жиналды.

FB_IMG_1711129867082
Әр көшеден топ болып келе жатқан адамға қарап аң-таң болған жұртшылыққа көшті көріп, мерекелік көңіл күйді сезіну тамаша әсер сыйлады.

FB_IMG_1711129863038

Алаңмен қиылысқан үш көшеден дүркіреп өткен мекеме қызметкерлері ұлттық киіммен, жылқы дүбірімен көзге түсті. Ғұмар Қараш көшесінің "Қызғалдақ көктем" наурыз көшін Т.Жароков атындағы мектеп ұстаздары, мансап орталығы, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, "Жәнібек" балабақшасы, аудандық білім беру бөлімі, М. Ықсанов көшесінің "Тоқшылықтың белгісі - қарақазан" көшін М.Ықсанов атындағы колледж ұжымы, "Балдәурен", "Алтын ұя" балабақшалары мен халыққа қызмет көрсету орталығы, Қазпошта торабы, Р. Егізбаев көшесінің наурыз көшін А. Оразбаева атындағы негізгі орта мектептің мұғалімдері, №1 мектеп-лицейі, саз мектебі, мектептен тыс жұмыстар һәм туризм орталығы бастап, әуелеген әндер айтып, көшті қыздырды.

FB_IMG_1711129839170
Бұл аталған үш көш орталық алаңға табан тіреп, аудан тұрғындары мәре-сәре болды. Бір топ өнерпаз ұл мен қыз ортаға атпен шығып жырдан шашу шашты. Кейін "бұл ауылға қонақ болып келдік" деген жастарды шаңырақ иелері қарсы алды. Жылдан аман шыққан игі жақсылар бір-бірімен көрісіп, аңқылдасып жатты.

FB_IMG_1711129873956
Серпілткен көріністен соң қыз бен жігіт айтысын сахналады. Сол сәтте Қызыр баба да келіп, жәнібектіктерге ақ батасын берді. Әрмен қарай концерттік бағдарламаға ұласқан ұлан-асыр тойдан Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов табылып, аудан тұрғындарын құттықтады.

FB_IMG_1711129927166

Жұртшылық алаңға тігілген ақшанқай киіз үйлерден дәм татып, әсем ән тыңдады. Аудан әкімі Тимур Серікұлы, аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудандық мешіттің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев пен шақырулы қонақтар, бөлім басшылары киіз үйлерге бассұғып, ақтан ауыз тиді. Сонымен қатар әр киіз үйде "Ата дәстүр - ардақты", "Әже өнегесі", "Келін - кеңейген тынысың", "Ұрпағым - ұраным", "Наурыз бастаңғысы", "Батамен ел көгерер" тақырыптарында көріністер қойылды.

FB_IMG_1711129959767
FB_IMG_1711130043967
Мәз-мейрам болған жұрт ұлттық ойындар ойнады. Әсіресе жастар табан тартыс, ләңгі тебу, күш сынасу, асық ату сияқты ойындарға қатысып, жүлдегер атанды. Аудан тұрғындарын орталық алаңын сыртында да көп қызық күтіп тұрды. Үйлеріне қайтып бара жатқан жәнібектіктер жәрмеңкеден өздеріне керек өнімдерді арзан бағамен алды.

FB_IMG_1711129974768

FB_IMG_1711129848995

Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале