1 мамыр — бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп жүрген отандастарымыз үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің, татулық пен тұтастықтың, бірлік пен берекенің мейрамы.
Бірлігі бекем ұлттың алар асуы, шығар шыңы биік болатыны сөзсіз. Бүгінде әлемдік деңгейде өзінің лайықты орнын таба білген, өз азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауда нақты шараларды жүзеге асырған мемлекетіміз 130-дан аса ұлт пен ұлыстың құтты шаңырағына айналып отыр.
Аталмыш мерекеге орай аудан орталығында аудан көркемөнерпаздары дайындаған «Ынтымақ мекені» атты концерттік бағдарлама аудан тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды.
Шара аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастырған кітап көрмесін тамашалаудан басталды.
Әрмен қарай сахна төрінен «Ақмаржан» халықтық би ансамблі табылып, түрлі ұлт билерінен попурри биледі. Мәдениет саласының үздігі Шынар Каюпова мен Алма Жанай «Туған жер» әнін әуелетсе, «Бала дауысы – Жәнібек» жобасының финалисі Інжу Мұратова «Күнге табыну» әнін орындады. Ұлты басқа болса да, жүрегі қазақ деп соққан әзірбайжан қызы Тамара Кафарова Қадыр ақынның «Қазақ осы» әнін шырқады. Сонымен қатар «Ақмаржан» мен «Көзайым» би топтарының бишілері өздеріне облыстық сайыстан дипломант атағын алып берген «Шабыт» биін мың бұрала билесе, жас та, жаңашыл әнші Айшат Хамзина «Never Enough» әнін орындады.
«Надежда» ансамблі орыс ұлтының «Калина рябина» әнін әдемі ырғақпен орындап жиналғандарға жақсы көңіл күй сыйлады.
Кеш Асылан Боранбаев пен Қуаныш Аждуовтың орындауындағы «Елге арнау» әнімен мәресіне жетті.
Бірлік мерекесінде ауданның басшы-қосшылары да аталмыш мейрамда халықпен бірге болды.
Бану Самат
Жәнібек ауданы