17.02.2024, 13:00
Оқылды: 27

Жәнібекте Ауған соғысы ардагерлерін ұлықтады

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен оралғандарына 35 жыл толуына орай Жәнібек ауданынан аттанып, бақилық болған жауынгерлерді еске алу һәм арамыздағы ардагерлерге ілтипат көрсету мақсатында «Ауғанстан – жүректегі жара» атауымен кездесу кеші өтіп, аудан әкімі Тимур Шиниязов Ауған соғысының батырларына мерекелік медальдар табыстады.

427993770_946987710764237_8227164814841910968_n

Әуелі жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Рәсімге аудан әкімі Тимур Серікұлы, орынбасары Жақсылық Абдолов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев, аудандық сот төрағасы Ержан Әліпқалиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Айшуақ Сейітқазиев, орынбасары Мейрамхан Бапахов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев пен шекара қызметкерлері қатысты.

427710642_946987564097585_257388636519327313_n (1)

Аудан басшысы Тимур Шиниязов пен Ауған соғысының ардагері Самиғолла Ниталиев, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Райымбек Орынғалиев пен Тәжік-Ауған соғысының ардагері Қисмат Бексейітов гүл шоқтарын қойып, жауынгерлердің рухына тағзым етті. Әрмен қарай ардагерлер мен басшылар ардагерлер үйіндегі кездесу кешінің құрметті қонақтары болды.

427710327_946986937430981_3157187344782654547_n

Кешті мәртебелі өлеңмен ашқан Аслан Есенов жерлес ақын Қыдыр Оразовтың «Ауғаннан тірі келгендерге» өлеңін оқыды. Әр шумағы мұңға, сағынышқа толы поэзия көптің көңілінен орын тапты. Содан соң аудан әкімі Тимур Серікұлы бейбіт күннің себепкері болған жандарға арнап, сөз алды.

- Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толды. Жалпы еліміздің жастары сол соғысқа аттанып, кеуделерін оққа тосты. Әрине Отан үшін, қазақ үшін, Алаш үшін! Жүректерінде отбасыларына деген сағыныш, ұлтына деген махаббат тұрды. Соның арқасында жан алысып, жан беріскен жауынгерлер әрдайым есімізде болады. Қаза болған батырларымыз да бар. Дегенмен олар жай кетпеді. Келешек ұрпаққа Отанды қалай сүю керегін түсіндіріп кетті. Ал аман келген ардагерлеріміз бейбіт күннің куәсі болып, асқар таудай тұлғамен ортамызда отыр. Кеудесін оққа тосқан батырлардың кеудесінде медальдар жарқырап тұруы тиіс,- дей келе ардагерлердің кеудесіне аталған күнге байланысты медаль тақты.

427705070_946987994097542_4648369589712844045_n

Атап айтсақ, Ауған соғысының ардагерлері Қазбек Әбдірешев, Кәрімжан Әткешев, Тимур Ғиззатов, Самиғолла Айтқалиұлы, Ержан Шәріпов, Қыдырғали Бұқтыбаев ерліктері үшін құрметтелді. Сонымен қатар аудан басшысы өз атынан Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері Қисмат Еменғалиұлына, Бақытжан Қалжықовқа, Айбек Қисметовқа, Алмат Молдағалиевке, Ақболат Хаимтовке, Нұрлан Қадешевке алғыс білдіріп, алғысхатпен марапаттады.

428001003_946987920764216_5097483790692156736_n (1)

Сондай-ақ оларға ауданымыздың 100 жылдық мерейтойына орай жарық көрген энциклопедиясын сыйға тартты. Кітаптың ішінде ардагерлердің ғұмыр жолы мен жетістіктері бар. Лебіздер төгілген құттықтаудан соң Әлібек Сүйінішев пен Жандос Темірғалиев «Ауғанстан» әнін шырқады. Ардагерлер атынан Амангелді Мырзағалиұлы ақ тілегін арнап, жауынгерлерді насихаттау жұмысының ардагерлер үйінде қарқынды жүріп жатқанын жеткізді.Кездесу кешінің ұйымдастырылуына риза болған Ауған соғысының ардагері Кәрімжан Әткешев алғысын айтты. Ол өзімен бірге қара домбырасын ала келген. Өнерге құштар жан әуелете ән салып, күмбірлете күй төкті. Кездесу кеші ресмиден еркін бағытқа ойысып, қонақтардың құрметіне жайылған дастарханда жалғасын тапты. Жақсылық Каримоллаұлы қош келдіңіздер айтып, тілектер тізбегін жалғады. Тәртіп сақшыларының ақ сәлемін жеткізген Айшуақ Мамайұлы да лебізге қосылды. Аудандық музей бөлімінің меңгерушісі, Журналистер одағының мүшесі Меңдігүл Фазылова, аудандық кітапхана директоры Светлана Джукина соғыста ел үшін айқасқан ерлерді ұлықтап, жастарға, қарапайым тұрғындарға таныту іс-шараларын, насихаттау жұмыстарын тілге тиек етіп, көңілге қонымды ұсыныстарын айтты. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ерсайын Ғұбашев тамаша ой қозғады. Ол өз сөзінде:

- Көршілері соғысқа қатысқандарын білмейді. Кей сәттері осылай есімдері ескерілмей қалады. Ол үшін ауданымыздағы барша ардагердің үйінің сыртына тақта қою керек. Сонда өскелең ұрпақ аттарын біліп өседі. Жалпы құрметтеуді осыдан бастайық,- деді.

427715664_946988600764148_8137092951088373372_n

Аудан әкімі Тимур Серікұлы ақсақалдың ойын құптады. Дастархан басында қайсар мінезді жауынгерлер емен-жарқын әңгімелесіп, бір жасап қалды. Соныңда батагөй қария Қабаш Жүнісов бата беріп, елдің тыныштығын тіледі.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале