5.05.2021, 16:48
Оқылды: 43

Жәнібекте биыл 48 шақырым жолға асфальт төселеді

Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде республикалық маңыздағы жолдың құрылысы бойынша жиын өтті. Аудан әкімі Азамат Сафималиев төрағалығымен өткен басқосуға бас мердігерлер «Атырау жолдары» мен «Теміржол жөндеу» және қосалқы мердігерлер «ADFstroy+»,«Азия Сервис», «Шебер», «БИГ», «АрыстанСтройПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің мамандары, Ұзынкөл, Күйгенкөл ауылдық округтерінің әкімдері, дербес бөлім басшылары қатысты.

 жол1

- Жиынның басты мақсаты – мердігерлермен танысып, жол бойынша мәселелерді анықтап, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алу. Яғни, ауданға жетер басты жолдың құрылысы үш жылға созылып кетті. Тұрғындар арасында көптеген наразылық туындады. Сол себепті өздеріңізбен танысып, нақты жұмыс барысын талқылап, биыл қанша жұмыс атқарылатынын білу мақсатында бастарыңызды қосып отырмыз, - деді жиынды ашқан аудан басшысы.

Жиынға қатысушы әр мердігер «Казталов – Жәнібек – РФ» шекарасы автожолының өздеріне бөліп берген шақырымы бойынша жауап берді. Мәселен, «ADFstroy+» пен «Азия Сервис» тас жолдың 53-95 шақырымы аралығын асфальттаса, «Шебер» серіктестігі 95-100 шақырым аралығын жөндейтін болады. Сол сияқты «БИГ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 100-118 шақырымның 8 шақырымын биыл жөндейтін болады. Ал «АрыстанСтройПроект» 118-138 шақырым аралығындағы тас жолды асфальттайды.

жол2

 

Жолдың сапалы аяқталуын қадағалайтын бас мердігер «Теміржол жөндеу» ЖШС-нің «СпецСтройМонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалының директоры Абай Абуғалиевтің айтуынша, биыл республикалық бюджеттен жол жөндеуге бөлінген 10 млрд теңге игерілуі қажет. Биыл шамамен 48 шақырым жолға қатқыл табанды жол салынады.

Одан бөлек аудан басшысы жергілікті жердің тұрғындарын жолдың құрылыс жұмысына тартуды ұсынды. Осы тұрғыда аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Миранбек Ибатов жұмысқа тартылған барлық жұмысшылар «Enbek.kz»порталы арқылы алынуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ «Қазсушар» РМК БҚФ Жәнібек аудандық пайдалану учаскесінің басшысы Нұрлан Жүнісов жол құрылысына қажет су мәселесі бойынша кіммен, қалай келісімшартқа отыру керектігін түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев жол құрылысына атсалысып жатқан мердігерлерден жолды күтіп-ұстау бойынша ұсынысын айтты.

Оның сөзіне сүйенсек, жаңбыр жауған кезде жолдың жағдайы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Сол себепті айналма жолдарды уақтылы қырып, тегістеп тұру қажет деді.

Аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов қыс мезгіліне дейін айналма жолдарды қалдырмауды өтінді. Мысалы, 5 шақырым жол асфальтталса, сол жолды ашып тастау керектігін тілге тиек етті. Одан бөлек қоғамдық тәртіптің қадағалануы, жүк көліктерінің ауыл ішімен жүруі сөз болды. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов жол құрлысына қажет шикізатты айналма жолмен тасымалдауды өтінді. Осы уақытқа дейін жүк көліктерінің кесірінен ауыл ішінде бүлінген асфальттарды реттеп беруді сұрады.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі бірігіп жұмыстануға шақырып, жолдың сәтті аяқталуына тілектестігін білдірді.

 

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале