10.01.2020, 10:25
Оқылды: 46

Жәнібекте дәрігерлер тұрақтамауда

Бүгін ҚР Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында аудан ардагерлерімен кездесті.

janibek (2)

Депутат қариялардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев шекаралық аудандарға көп көңіл бөлу қажеттігін, жол жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін, соғыс зардабын шеккен Жәнібек ауданына Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Қаһарман аудан» ерекше статусын беру, ардагерлерге арнайы заң шығару туралы ұсынысын айтты.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев сыбайлас жемқорлықты заң да тоқтата алмай тұрғанын, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың атауын өзгертуге көп әуестенудің кемшілік жағын баяндаса, ардагер ұстаз Қабаш Жүнісов мектепке қажетті педагог кадрларды мектеп өзі жоспарлап, даярлап, шешу, аудан орталығындағы № 1 мектеп-лицейге ауданнан оқу озаттарын жинақтап оқыту жайында мәселе қозғады. Бұрын мектепте ұстаздық еткен Меңсұлу Жұмақұлова бұрын механизатор, шопан болып еңбек еткен кейбір адамдардың және өзінің зейнет ақысының аздығына тоқталды. Кәсіпкер Самиға Қайырова аудан орталығында үй кезегінде тұрғандарды қатаң бақылап, қос-қостан үй алуға жол бермеу, кәсіп ашуға мемлекеттен берілетін несие қаржыны қадағалауды күшейту, мал жайылымдарын бөлу үшін үкімет кооператив секілді шаруашылық құрылымдарын ұйымдастыру, сонымен қатар мал өнімдерін өңдеуге қолдау керектігін тілге тиек етті. Ғайнөш Дегетаев ауданда хирургтің жоқтығы, жас дәрігерлердің біліксіздігі, жаңадан келген дәрігерлерге бар жағдай жасалса да тұрақтамаушылық белең алып отырғанын жеткізді. Ал зейнеткер Мертен Кенжеғалиев жолаушылар пойызының Жәнібекке тоқтамайтындығы жайында 20 жылдан астам уақыт мәселе болып келе жатса да, нәтиже шықпағандығын, сондай-ақ балаларды кітап оқуға баулу туралы қандайда бір шешім, қаулы болса, бұл жұмыстың ұйғарымы, қорытындысы нәтижесін көрсететіндігіне үміт артатынын білдірді.

Депутат ардагерлердің сұрақтарына тұшымды жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін қойын дәптеріне жазып алды.

Ш.Өтемісов әрмен қарай тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауға келген екі адам жеке тұрғын үй мәселесін алға тартса, үшіншісі аудандық орталық аурухана дәрігерлерінің біліксіздігі аудан көлемінде үлкен мәселеге айналғанын жеткізді. Қабылдауға жазылғандардың мұң-мұқтажы мұқият тыңдалып, тиісті жауап қайтарылды.

Жиыннан соң қонақтар «Алтын ұя» бөбекжайының, аудандық ардагерлер үйінің тыныс-тіршілігімен жақын танысты. Сондай-ақ құрылысы жаңадан басталған спорт кешеніне барып, салынып жатқан нысандағы істің барысын көрді.

Әсемгүл Қуанғалиева

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале