30.06.2022, 18:53
Оқылды: 57

Жәнібекте кешенді оқу-жаттығу өтті

Жәнібек ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтық қорғаныс жұмыстарын жетілдіру мақсатында кешенді оқу-жаттығу дайындығы өтті.

IMG_20220630_184550

Оған БҚО ТЖД Төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Нұралы Мұсиев, БҚО ТЖД Азаматтық қорғау басқармасының аға офицері, аға лейтенант Айбар Қалиев, сонымен қатар облыстық, аудандық азаматтық қорғау қызметтері, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия мүшелері және көршілес Бөкей ордасы ауданының азаматтық қорғау қызметтері қатысты.
Оқу-жаттығу жұмысы аудан әкімдігі ғимаратында өткен жиналыспен басталды. Жиында БҚО ТЖД Төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Н.Мұсиев оқу-жаттығу жұмыстарының мақсат-міндетін түсіндіріп өтсе, мекеме басшылары өздерінің осы оқу-жаттығуға садақадай сай екендерін мәлімдеді.
Одан әрі комиссия мүшелері, кешенді оқу-жаттығу жоспары бойынша, аудандық АҚМЖ күштері мен құралдарының және АҚК іс-әрекеттерінің практикалық іс-шараларын тексеру мақсатымен ауданның батыс бетіндегі той төбеге бет алды. Бұл төңіректе төтенше жағдайға қажетті техникаларымен бірге сап түзеп тұрған аудандық Азаматтық қорғау қызметкерлері комиссия мүшелеріне азаматтық қорғанысқа қажетті құрал-жабдықтарын көрсетіп, өздерінің кешенді оқу-жаттығуына дайын екендіктерін баяндады.
Мұнан кейін оқу-жаттығу басталып кетті. Мәселен, «ГАЗ-53» маркалы жүк автомобилінің диаметрі 150 мм орташа қысымды құбырмен соқтығысуы нәтижесінде К.Мусин көшесінде газ ағып кеткен. 150 абонент газсыз қалды. Автомобиль жүргізуші мен жолаушы ауыр халде. Сонымен қатар Ұзынкөл ауылдық округінің Еңбекші елді мекенінде бір жеке аулада ірі қара малда сібір жарасына ұқсас ауру белгілері пайда болған. Жәнібек-Ақоба аудандық маңызы бар автожолының 5 шақырымында электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан «ВАЗ-2114» маркалы жеңіл автокөлігінің мотор бөлігінде өрт шыққан. Көлік жүргізушісі термиялық күйік алған. Сондай-ақ Жәнібек ауылының солтүстік бағытында зымыран сынықтарының, болжам бойынша метеорологиялық зондтың құлауы орын алды. Нәтижесінде белгісіз сұйықтық төгілді. «Балдәурен» балалар лагерінде 50 шаршы метр жерде өрт шықты. Ғимараттан эвакуациялау іс-шараларын жүргізу керек. Сол сияқты Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының шекарасында 55 гектар алқапта дала өрті пайда болған. Әр тапсырмаға сай азаматтық қорғау қызметтері төтенше жағдайларға дайын екендіктерін көрсетті. Аталмыш оқу-жаттығу тапсырмаларына 12 қызмет, 95 адам, 30 техника жұмылдырылды.
Кешенді оқу-жаттығу шарасы аудан әкімдігінде мәреге жетті. Оқу-жаттығу тәжірибесінің қорытындысы бойынша теория мен тәжірибе әрекеттерінде үздік танылып, төтенше жағдайлардың алдын алуда және азаматтық қорғанысты жетік меңгерген тиісті қызметтердің, ұйымдардың өкілдеріне БҚО ТЖД Төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының бастығы Н.Қажымұқанұлы алғыс хат табыстады.

Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале