1.02.2021, 19:15
Оқылды: 92

Жәнібекте мал соятын пункт ашылды

          Жәнібек ауданындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары мен тұрғындардың жеке шаруашылығында мал басы көбейіп келеді. Соған орай халықтың өзімізде өндірілетін табиғи, құнары мол ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген ықыласы да арта түсуде. Калорияға бай, отандық таза өнімнің қадірін біліп, соған қарай бет бұру – өзімізде жасалған өнімдерге деген сұраныстың артуына себепші. Міне, осыны жақсы түсінген жәнібектік жас жігіт Алтынбек Исаев өткен жылдың сәуір айында өз қаржысына «Исаев» жеке кәсіпкерлігін ашып, мал соятын пункт жабдықтады. Мұның өзі жоғарыда айтылған сұранысқа жауап беру, өзімізді мал өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қолда бар ресурсты тиімді пайдалану болса керек.

 IMG_1623 (1)

«Жақсыны көрмек үшін» деп, тұрғындар арасында баяғыда «Водстрой» аталып кеткен шағын елді мекенге атбасын тіредік. Екіқабатты ғимаратттың төменгі қабаты мал союға арналған керек-жарақтармен, 15-20 тонна ет сақтайтын мұздатқышпен, сағатына үш жүз келіге жуық өнім шығаруға қауқарлы еттартқышпен жабдықталған. Мұнда мал союға қажетті барлық жағдайлар қарастырылған. Алдымен мал мұсылмандық жоралғымен, яғни «Бисмиллә, Аллаһу Акбар» айтылып барып бауыздалады. Сонан кейін мал арнайы құрылғымен жоғары көтеріліп, әрі қарай сою, бөлшектеу үдерісі жүреді. Жоғарыда үш бөлме болса, соның бірі – демалыс бөлмесі, осында отырып төменде малдың қалай сойылатынын бейнекамера арқылы көруге болады.

IMG_1619

Нысанның сырты қоршалған, аулада мал әкелушілердің малы тұратын орын жабдықталып, шөп үйілген. Екі мал союшы мен бір техникалық қызметкер жұмысқа тартылған. Жеке кәсіпкерлікке облыстық ветеринариялық басқармадан рұқсат беріліп, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында тіркелген.

IMG_1615

- Жасыратыны жоқ, халық тұтынатын азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі сырттан тасымалданады. Сол өнімдерді өзімізде өндіре алатын қауқарымыз бола тұра тәуелділіктен арыла алмаудамыз. Өз малымызды өзгеге сатып, олардан сапасы күмәнді ет сатып алғаннан ұтылмасақ, ұтпасымыз анық. Сол малды өзімізде сойып, алынатын өнімді өзімізде қайта өңдеп, содан кейін сатсақ әлдеқайда тиімді болары анық. Сол себепті осы өндірісті өрістетуді қолға алдым. Өткен жылдан бері келісілген бағаға жекелердің малын сойып берудемін. Сонымен бірге тартылған ет (фарш), қуырдақ, кәуәп шығарып саттық. Алдағы уақытта қажетті жабдықтар алып, пельмен, колбаса өндіріп, экспортқа шығару да жоспарымызда бар, - дейді Алтынбек Әлібекұлы.

IMG_1612

Оның айтуынша, халық шаруашылығында мал терісі мен қой жүнінің алатын орны ерекше болғанымен, ауданда тері алатын, қой жүнін алғашқы өңдеуден өткізетін цех жоқ. Бағалы шикізаттар жер-жерде шашылып жатыр. Болашақта осыны да қолға алмақ ниетте екен. Біз жас кәсіпкерге сәттілік тілеп, «бастаған ісің баянды болсын!» дедік.

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале