Жәнібек ауданында «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» жобасы аясында «Мемлекеттік сатып алуға қоғамдық бақылау жасау» тақырыбында оқыту тренингі өтті.

Іс-шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов жобаның қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен қоғамдық бақылау мәдениетін қалыптастыру – ашық әрі әділ мемлекеттік басқарудың басты тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Ол жобаны жүзеге асырып жүрген ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, тұрғындарды қоғамдық бақылау жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырды.

Тренинг барысында қатысушылар қоғамдық бақылаудың құқықтық негіздерімен танысып, мемлекеттік сатып алу веб-порталымен жұмыс істеудің практикалық тәсілдерін меңгерді. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға өтініш жолдау, ашық бюджет деректерін пайдалану, мемлекеттік сатып алуларды талдау, заң бұзушылықтарды анықтау және қоғамдық мониторинг жүргізу бағыттары бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара аясында тұрғындарға құқықтық кеңестер де берілді. Жер қатынастары, тұрғын үй мәселелері, әлеуметтік көмек алу және өзге де құқықтық мәселелер бойынша азаматтардың сауалдарына заң аясында нақты жауаптар ұсынылды.

Тренингті жүргізген Бауыржан Заки мемлекеттік сатып алу саласындағы қоғамдық бақылаудың ерекшеліктеріне кеңінен тоқталып, азаматтардың заңмен берілген құқықтарын тиімді пайдалану жолдарын түсіндірді. Ол қоғамдық бақылаудың басты мақсаты – мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуына қоғамның үлес қосуы екенін айтып, мемлекеттік сатып алу порталында жұмыс істеудің практикалық қырларын көрсетті.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Осындай оқыту тренингтері тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы ашықтықты, өзара сенімді және азаматтық белсенділікті нығайтуға зор ықпал етеді.
Жангер Саламат,
Жәнібек ауданы