13.12.2019, 12:43
Оқылды: 220

Жаңылай ақын жүректе

Қазталов ауданына қарасты Ақпәтер ауылында дәл осы тақырыппен ақпәтерлік айтыскер ақын Жаңылай Рамазанқызы Меңдіғаливаны еске алу кеші өтті.

qaztalov

Жергілікті Мәдениет үйінің директоры Марат Хасановтың ұйымдастыруымен өткізген кешке Жаңылай ақынның өнерде бірге жүрген аға-әпкелері Дариға Мұштанова, Сәрсенғали Бисенғалиев, Зияш Аманғалиева, айтыста Жаңылай ақын өзі тұсауын кескен Асылхан Болтановтар арнайы келіп, ақынға арнаған арнаулары мен естеліктерін бөліссе, Баян Қабиева кештің сценариін құрып, жүргізу тізгінін өз қолына алды.

Кеш барысында айтыскерлік өнерімен өңірімізге кеңінен танылған жергілікті ақынның өмірбаянынан қысқаша бейне түсірілім көрсетіліп, ауыл ақсақалы Амантай Дүйсенғалиев пен аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитовалар тәлім-тәрбиесі мол айтулы кештің көрермен залын толықтырып отырған бүгінгі ауыл жастары үшін қайталанбас сәт екеніне баса назар аударып, ауылдастар атынан осы шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Кеш барысында Жаңылай ақынның туындылары кеңінен насихатталып, мектеп оқушылары ақын өлеңдерінен үзінділер оқыды. Жазғым келмейді, өткен өмірден күнделік, Бұл дүниеден кімдер кетпеді, кім келіп?..

Бес күндік жалған, пендені солай жаратқан,

Бақ пенен сордың арасын сірә білмедік...

Бақ деген білсең, балалық екен, балалық,

Ойыншыққа ғана, құмартатұғын қадалып.

Байлық дегенің-ананың ақ дастарханы екен,

Құрт, бауырсағы, жататын жұртқа таралып, -деп, жырлаған ақын Жаңылайдың жарқын бейнесі ауылдастарының жадынде мәңгі сақталады.

Әсерлі кеш соңында ауыл әкімі Нұрхат Болаев келген қонақтарға ел атынан ризашылығын білдіріп алғыс хаттар табыстаса, Жаңылайдың аға-жеңгесі Тілеген мен Ақзия қонақтарға естелік сыйлықтар ұсынды. Еске алу кеші залдағы көрмендер қосылып шырқаған "Ақпәтер" әнімен қорытындыланды.

Қыдыр Харесұлы

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале