30.04.2021, 19:24
Оқылды: 387

Жарасым тапқан жанұя

Отбасы - адам баласының алтын діңгегі. Жеті атаға дейінгі туысқанын жақыным деп құрметтеп, алыс туысын да қаным деп бауырына тартқан қазақ үшін отбасы ұлы құндылықтардың бірі саналған. Қазақ отбасын алғашқы орынға қойып, көбейіп, өніп, өсіп-жетілуді өмірлік ұстаным деп есептеген. Отбасы - Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды мекеме. Данышпанның да, ғалымның да, елін қорғар азаматтың да, ғарышкер мен ақ халатты абзал жанның  да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы мекемеде қаланатыны айқын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп батыр бабамыз Б.Момышұлы айтпақшы, адам баласының іс-әрекеті де, арман-мақсаты да,  тіпті өмірлік бағыты мен мамандығы да отбасында қалыптасады. Біздің ұғымымыздағы, қазір мемлекет деңгейінде дәріптеліп жүрген «Мерейлі отбасы» әр салада бар. «Мерейлі отбасыға» анықтама берудің де қажеті шамалы деп ойлаймын. Бұл - көптің түсінігіндегідей, айрандай ұйыған шаңырақ, үлгісі, өнегесі мол үй, тәрбиесі мен тағылымы үйлескен, ұл-қыздары ел мақтауына ілінген ата-ана. Мұндай отбасылар Жаңақала ауданында да жетерлік. Алып бәйтеректей әке мен отбасының ұйытқысына айналған анаға қарап, өзінің өмірлік жолын айқындап, ата дәстүрін жалғап, дәстүрлі ісін жаңғыртып келе жатқан ізбасарларын көптеп кездестіреміз. Осы мақалада бір әулеттің өрелі ісін жалғап, мұнай-газ саласында бүгінде төртінші буыны абыройлы қызмет етіп келе жатқан, Жаңақала ауданындағы өнегелі Ғұбайдуллиндер отбасы туралы әңгіме өрбітпекпіз. Мұнай-газ саласындағы қызметті атадан балаға мирас етіп келе жатқан ерекше отбасының тірегі Асхат Ғұбайдуллин өз мамандығын бағалай білген және балаларына да кішкентайынан өз жолын таңдауға үйреткен. Олар ұрпағымен сабақтасқан салада абыройлы қызмет етуде. Бұл отбасындағылардың мұнайгаз саласы жүйесінде өткерген еңбек өтілін қоса есептегенде 130 жылдан асып жығылады. Міне, нағыз мұнай-газ саласының династиясы!

A9D61B66-07E0-48BF-8627-4465ABE48411

1974 жылы әкесі Марат Ғұбайдуллин, анасы Құттықыз Ғұбайдуллина Жаңақала ауданына жұмыс бабымен көшіп келеді. Аяулы әке, ардақты ана мұнайгаз саласында ұзақ жыл қызмет атқарып, зейнетке шыққан. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді дана халқымыз. Ата-ананың салып берген сара жолын ұлағатты ұрпақтары да лайықты жалғастырып келеді. Асхат Ғұбайдуллин 1971 жылы Орал қаласында дүниеге келген. 1978 жылы мектеп табалдырығын аттап, 10 жылдық мектепті тәмамдаған соң Самара қаласындағы техникумға оқуға түсіп, оны аяқтамай осы аудандағы Жаңақала желілік өндірістік басқармасына желілік құбыр жүргізушісі болып 1992 жылы жұмысқа орналасады. Содан 1997 жылға дейін жұмыс жасап, жұмыстан қысқартылады. Одан әрі 2001 жылы қайта осы салаға жұмысқа орналасып, жұмысын жалғастырып келе жатыр. Жұбайы  Кенжеғаным Шаяхметовамен 1992 жылы отау құрады. Жары Кенжеғаным да осы салада қызмет атқарады. Екеуі де бір салада қызмет атқарып жүргендіктен, бір-бірін жақсы түсініп, қызмет бабында әріптес, отбасында ерлі-зайыптылар міндеттерін адал атқарып келеді. Маңызды мәселелерді бірге кеңесіп, болашаққа деген жоспарларын бірге құрады. Асыл азаматтың аяулы жары Кенжеғаным апамыз екеуі Айгерім, Әділет, Даяна есімді ұл-қыз өсіріп, қызын құтты орнына қондырған ұлағатты отбасы. Әулеттің ізгілікті жолын жалғастырған үлкен қызы Әйгерім де мұнайгаз саласында қызмет істейді. Қазіргі таңда Орал қаласында тұрмыста. Ал ұлы Әділет спорт саласында жұмыс істесе, кенже қызы Даяна мектеп қабырғасында оқуын жалғастыруда. Мүмкін кім біледі Даяна да әке жолын қуып, осы салада қызмет атқарар деген сенімдеміз. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші келер ұрпақтары да осы бағытты таңдайтынына шүбә жоқ.

51060D4A-231F-4C13-A5C3-A3DD9B900F33

- Адамның өмірлік мақсаты болуы керек. Сосын сол мақсатқа жету жолында кездескен барлық қиындықты еңсеріп, мойымауы тиіс. Білім-біліктілігіңді шыңдап, тоқырап қалуға болмайды. Қаншама жыл газ тасымалдау жүйесінде жұмыс істеп келемін. Әрине, әр жұмыстың өзінің қиыншылығы болады. Менің атам да өмір бойы осы салада қызмет атқарды. Ата-анам да, жұбайым екеуімізде осы қызметте жүріп түрлі марапттарға ие болдық. Мұның бәрі еселі еңбектің арқасы,-дейді Асхат Маратұлы.

Асхат аға өзінің бабаларының аманатын, келер ұрпаққа жеткізіп, бес күндік жалғанда өзіне тиесілі міндетті адал атқарып келеді. Ерге тән еңбекқорлығының арқасында жұмысының жемісін көріп, абырой биігінен көрінген азамат атанды. Қай салада жұмыс істесең де білім, білік, білек те керек. Сабыр мен төзім, қажыр-қайрат та қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті осындай еңбекқор азаматқа тән қасиеттердің бірі. Сондай-ақ, ұстамды болуы, адамдармен араласа білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол - кісілік келбет, азаматтық тұлға. Иә, Асхат ағамыз осындай адами асқақ қасиеттерге ие. Бақытын бағамдасаң отбасы береке-бірліктің қайнар көзі. Ал дұрыс бағыт-бағдар берсең, ұлағатты ұрпағың мәуелі баққа айналмақ. Қарапайым еңбек адамдарымен жүздесу барысында біз осыған көз жеткіздік.

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале