6.07.2022, 16:39
Оқылды: 63

«Жәрдем дент» тіс емханасы ашылды

Жаңақала ауданында кәсіпкерлік саласы, соның ішінде халыққа қызмет көрсету жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Астана күні қарсаңында осындай игі істер жалғасын табуда. Бүгін аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсету бағытында «Жардем дент» тіс емханасы ашылып, халық игілігіне пайдаланылуға берілді.

IMG_7227

Ең алдымен аталған орынның иесіне тоқталар болсақ, Серік Жәрдемов 1991 жылы Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылында дүниеге келген. «Орал Мақсат» медициналық колледжін тамамдап, 2015 жылдан бастап Жаңақала аудандық ауруханасында тіс дәрігері қызметін атқарып келеді. С.Берікқұлы «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасынан қайтарымсыз 5 миллион теңге грантын жеңіп алса, БҚО ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған аймақтық әлеуметтік маңызы бар жобалардың шағын гранттар байқауында «стомотологиялық қызмет көрсету» жобасымен жеңімпаз атанып, қайтарымсыз 200 мың теңге грантқа ие болды. Бүгінде өзінің мол тәжірибесі мен тынымсыз еңбектің арқасында ауданымызда халыққа қызмет көрсету саласын дамытуға атсалысу мақсатында өзінің жеке кәсібін ашты.

Бұл қуанышқа аудан әкімі Дархан Закарин, аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева және мекеме басшылары, аудан тұрғындары қатысты. Нысанның ашылу салтанатында сөз алған аудан басшысы Д.Әмірханұлы барша қонақтарды астана күні мерекесімен және кәсіпкерді жаңа бастамасымен құттықтап, сәттілік тіледі. Одан әрі кәсіпкердің туысы Айгүл Ысқақова ақжарма тілегін жолдады.

- Ауданымызда заманауи емдеу орындары көптеп салынып, пайдаланылуға берілді. Соның бірі – бүгін ел иігілі үшін ашылып отырған «Жәрдем дент» шағын тіс емдеу емханасы. Бұған Серік бауырымыз емделушілер үшін барлық қолайлы жағдайларды жасаған. Ауырған тісті рентген аппаратымен тексерген соң емдейтін, жұлатын соңғы үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған және заңды түрде барлық құжаттары рәсімделген. Ендігі жерде халық денсаулығын жақсартуға, дерттің алдын алуға баса мән беріп, үлкен жауапкершілікпен бастағалы отырған ісін алға жүргізеді деген сенімдемін, - деп А.Ысқаққызы бауырына сәттілік тіледі. Содан кейін аудан басшысы Д.Әмірханұлы мен кәсіпкердің ата-анасы салтанатты түрде лента қию рәсімін жасады. Әрі қарай тұрғындар шағын тіс емдеу емханасын аралап көріп, орналасқан сан алуан құрал-жабдық түрімен танысты. Әрі нысан иесін құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп жатты.

Жаннұр Берікқызы, 

Жаңақала ауданы, 

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале