23.05.2024, 23:30
Оқылды: 1

Жас өрендердің жұлдызы жарқырады

Бүгін Теректі аудандық өнер ордасында оқу жылын сәтті аяқтаған балалар саз мектебінің мұғалімдері мен оқушылары ел алдында есеп берді. Есеп беру кешінің атауы – ерекше. «Жұлдызың жансын, жас өрен!» деп аталды. Ғажап емес пе? Жас жұлдыздардың өнер көгінде жарқырағанына куә болдық.

FB_IMG_1716570589235

Кештің шымылдығы Үлгілі халық аспаптары оркестрінің орындауындағы Дәулеткерейдің «Қос алқа» күйімен ашылды.

FB_IMG_1716570629601

Міне, қазақ өнерінің күретамыры саналатын күйге басымдық беріп, күймен сәлемдескені бізді де таңғажайып күйге бөледі. Оркестрдің көркемдік жетекшісі һәм дирижері Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетовке соғылған қошемет бір сәтке толастамады.

FB_IMG_1716570597202

Сол сәтте Аяна Тілепберген «Саржайлауым» әнін шырқап, қолпашты үдете түсті. Қазақтың өзіндей бекзада өнермен басталған кеште аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров құттықтау сөз сөйлеп, қосымша білім беру саласында қызмет етіп жүрген педагогтерге аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың алғыс хатын табыс етті.

FB_IMG_1716570611637

Аудан басшысының алғысына ие болған ұстаздар қатарында саз мектебінің директоры Азамат Қалиев, вокал сыныбының мұғалімі Берікбай Сұлтанов, баян сыныбының мұғалімі Жақсылық Имашев, теория және вокал сыныбының мұғалімі Тілекші Бектұрғанова, скрипка сыныбының мұғалімі Алена Герасимова, домбыра сыныбының мұғалімі Бекжан Мырзаев болды. Марапаттар легі мұнымен аяқталмады. Аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Төлеген Қайырғалиев, аудандық кәсіподақ төрағасы Ұлдай Сәрсенова саз мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақболат Қыдырғалиевке, мұғалімдер Айдана Дәулетоваға, Светлана Ыдырысоваға, Әсемгүл Қапезоваға, Айдана Насыроваға, Гүлзада Орынбасароваға, Құралайсұлу Қаздұқоваға, мектептің кіші қызметкерлері Әмина Бисенғалиеваға, Светлана Тілекқабыловаға, мұғалімдері Гүлмира Таутешоваға, Әлия Шинге, Аружан Айдынғалиға алғысхатпен бірге гүлшоқтарын ұсынды. Ең бастысы бұл лебіздерден еңбегі бағалана бермейтін кіші қызметкерлер табылды. Азамат Қыдырбайұлы оқу жылының аяқталуымен құттықтап, демалыстың ойдағыдай өтуін тілеп, әріптестеріне әсерлі сөз арнады. Кейін мектептің дарынды оқушылары қымсынбай, керісінше асқақ шабытпен өнер көрсетті. Киелі сахнаға алғаш шыққаны бар, төселіп қалғаны бар, әйтеуір көздерінде оты бар таланттар ел болашағының жарқын екенін көрсетті. Домбыра, хореография, вокал, флейта, фортепиано, баян сыныптарындағы оқушылардың таудай талабын көріп бір, термешілер ансамблінің деңгейін көріп бір таңдай қақтық. Бір өкініштісі, осындай серпілтер концертке келген халықтың қарасы аз болды.

FB_IMG_1716570593638

Әсіресе жас жерлестерімізге залдың лық толып, теректіліктердің қолдау білдіргендері маңызды еді. Ауданымызда өнерге құштар бүлдіршіндер барын көзімізбен көріп, арқаларынан қағуымыз керек еді. «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» дейтіндей есеп беру кешінің мінсіз өткені соншалық, уақыттың қалай өткенін білмей, тапжылмастан көрдік. Келмегендердің өкінері – анық. Ал алтын уақыттарын бөліп келген ағайын оқушылардың өнеріне тәнті болып, «тіл-көзден аман болыңдар» десті.

Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале