16.06.2022, 17:15
Оқылды: 68

Жас саяхатшылар – жорықта

Балалар туризмі – мектеп қабырғасында туған өлкені танып-білуге, мектепте алған дене тәрбиесі мен денсаулығын жақсартудағы білімін молайту мақсатында жүргізілетін саяхатшылық саласы. Теректі аудандағы балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы осы бағытта нақты шаралар ұйымдастыруда.

IMG-20220616-WA0094

Әсіресе, мектеп оқушылары жазғы демалысқа шыққалы туризм орталығы қызметкерлері өз жұмысын үдете түсті. Осы мекеме басшысы Жасұлан Мұхамбетов:

-Өткен апта ішінде Шөптікөл және Долин ауылдарының мектеп жанындағы жазғы лагерьлерінде демалушы 5-9 сынып оқушыларымен туристік оқу-жаттығу өткіздік. «Жазғы мектеп» жоспарына сәйкес «Барбастау» туристік базасында өткізген шара балаларға қызықты болды. Алдымен туризм инструкторлары қауіпсіздік ережесімен таныстырып, арнайы нұсқаулық өткізді. Содан соң балалар «Туристік кедергілерден өту» мен «Тауға өрмелеу» жаттығуларын жасады. Осындай денсаулық шыңдап, жаңа машықтарға үйрететін жаттығулар балалар үшін өте пайдалы, - деп өз жұмыстарынан хабар берді.

Бұл тек бір күн көрінісіндегі ғана шара. Ал маусым айында бұл орталық облыс көлеміндегі біраз ірі шараларға қатысады екен. Мысалы, 4 оқушы мен 2 жетекші Бөкей ордасына сапарға шыққан. Олар 9-11 маусымда өтетін «Бабалар ізімен» экспедициясына қатысады. Далалық жағдайда өтетін экспедицияға саяхатшылар шатырдан бастап, қазанға дейін, барлық керек-жарақты алып шығыпты. Жорыққа шығып үйренген жас саяхатшылар үшін бұл қызықты әрі жаңалыққа толы сапар.

Жалпы, маусым айында балалар туризмі бойынша өтетін шаралар ауқымды. 14-17 маусым аралығында жаяу туризм техникасы бойынша «Қарлығаш -2022» облыстық жарысы өтеді. Одан әрі қарай біздің ауданда облыстық «Жас геологтар» слетін өткізу жоспарланған. 6 жас турист пен жетекшісі «Күміс шабақ-2022» облыстық велосипед жорығына қатысуға дайындық үстінде.

Жасұлан Сапарбекұлы маусым айына жоспарланған шараларды тізбектей келіп:

-Біз жұмысымызды өлкетану, экология және туризм бағыттарында жүргіземіз. Осы үш бағыт бойынша алты жүзге тарта бала үйірмелерге қатысып жүр. Жарыстарға қатысамыз. Қол жеткізген нәтижелеріміз бар. Енді жаздай сол нәтижелерімізді жақсарту үшін жаттығулар өткіземіз. Балалармен велосипед, қайық жорықтарын ұйымдастырамыз деп отырмыз, - деп алдағы жоспарымен де бөлісті.

 Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале