29.06.2026, 16:30
Оқылды: 6

Жас таланттарға жол ашқан «Jas tolqyn»

Атырау қаласында өткен «Jas tolqyn» жас таланттар байқауы Батыс өңіріндегі дарынды балалардың басын қосқан үлкен өнер мерекесіне айналды. Каспий Құбыр Консорциумының қолдауымен ұйымдастырылған қайырымдылық жобаға Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан екінші кезеңге 350-ге жуық жас өнерпаз қатысты.

image-29-06-26-01-46

Аталған байқауда Шыңғырлау аудандық балалар саз мектебінің «Дәстүрлі ән» класының шәкірттері қатысып, ұлттық өнерді насихаттауға өз үлестерін қосты. Жүлделі үшінші орынды иеленді. Жас өнерпаздарды байқауға дайындаған ұстаз – дәстүрлі ән пәнінің мұғалімі Аманғали Қайырғалиұлы Сатпанов.

Бүгінгі таңда ұлттық өнерді жас ұрпақтың бойына сіңіру – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда «Jas tolqyn» байқауының маңызы ерекше. Өнер додасы жас таланттардың шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, ұлттық мәдениет пен дәстүрлі өнердің сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Байқау қорытындысы бойынша ұстаз Аманғали Сатпанов ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хатпен марапатталды.

«Каспий Құбыр Консорциумы – К» АҚ бас директорының орынбасары Қ. Қабылдин қол қойған бұл марапат ұстаз еңбегіне берілген жоғары баға болды.

Ұстаз Аманғали Сатпанов байқау туралы өз пікірінде:

– Бұл байқау балалар үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Әр өңірден келген өнерлі жастармен танысып, олардың орындаушылық деңгейін көрді. Дәстүрлі ән – халқымыздың рухани мұрасы. Оны кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз. Шәкірттерімнің сахнада өнер көрсетіп, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін танытуы – мен үшін үлкен қуаныш, – дейді.

Шыңғырлаулық жас өнерпаздардың бұл жетістігі аудан мәдениетінің дамуына қосылған тағы бір жарқын үлес деуге болады. Ұлттық өнерді ұлықтап, жас буынның бойына рухани құндылықтарды сіңіріп жүрген ұстаздар еңбегіне ата-аналар да алғыс білдіруде Осындай игі жобалар жас таланттардың қанатын қатайтып, өнер көгінде жарқырай түсуіне жол аша беретіні сөзсіз.

 

Сара Шакрат

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале