15.03.2024, 16:45
Оқылды: 18

«Жас ұлан» әскери-спорттық ойынының жеңімпаздары анықталды

Жақында Ақсай қаласының №3 мектебінде «Жас ұлан» жарысының аудандық кезеңі өткен болатын. Бұл шараның мақсаты оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеп, олардың адамгершілік ұстанымдарын қалыптастырып, қосымша білім беру.

ЖАС ұлан (5)

«Жас ұлан» әскери-спорттық ойынның аудандық кезеңіне 117 оқушыдан құралған 13 команда қатысты. Ереже бойынша әр топ 9, яғни 7 ұл мен 2 қыздан тұратын 15-16 жастағы оқушылардан тұруы керек.

Тартысты өткен ойынның кезеңдері бойынша саптық және әндер байқауында №3 мектебі, тарихи-іздеу зерттеу жобасын қорғауда №7 мектебінің оқушысы Аяулым Лесова, «Атыс даярлығы» бойынша №7 мектеп, «Әскери кросс» кезеңінде №3 мектеп, «Кермеге тартылу» байқауында №7 мектеп, арқамен жатып, денені жерден көтеріп, түсіруде №7 мектеп жеңіске жетті.

- Мен Ақсай қаласының №7 мектебінің «Сұңқар» командасының мүшесімін. Жетекшіміз Бақытжан Қайыржанұлы бізге сабақтан тыс уақытта 3-4 сағат бойы дайындық жүргізетін. Осы дайындықтардың арқасында жарыстың аудандық кезеңінен облыстық кезеңге өттік. Мен өзім жарыстың саптық дайындық, АК-74 автоматын бұзып, жинау, арқамен жатып, денені жерден көтеріп, түсіру, «Ардагерге құрмет - ұрпаққа міндет» іздестіру-зерттеу жобасы, әскери кросс бағыттарына қатыстым. Әр жарыстың өзіндік қиындықтары болады. Ең бастысы сол қиындықтарға мойымай, жеңіске ұмтыла білу қажет деп ойлаймын, - дейді тынбай дайындалып, жеңіске жеткен №7 мектептің 10-сынып оқушысы Аяулым Лесова.

ЖАС ұлан (6)

«Жас ұлан» әскери-спорттық ойынның аудандық кезеңінің қорытындысында Ақсай қаласының №7 мектебінің командасы І орын алып, облысқа жолдама алды. Ал қаламыздағы №3 және №4 мектептері ІІ орынға ие болса, №2 және Кеңтүбек пен Жарсуат мектептері ІІІ орынды бөлісті. Жарысқа қатысып, белсенділік көрсеткен Пугачев және №5 мектеп және №6 МЛ арнайы дипломдармен марапатталды.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале