9.11.2023, 14:45
Оқылды: 41

«Жасаған қуыршақтарым Норвегия, Германия, Италияға жеткізілді»

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның» атқарар рөлі зор.

Себебі аталған бағдарлама аясында қаншама тұрғын кәсіпкерлік бастамасын ашып, түрлі бағытта жұмыс істеп жатыр. Аталмыш ұлттық жоба аясында қайтарымсыз грант иеленген Тасқала ауданының тұрындарының бірі – Сандуғаш Жантасова. Шаш қиюды хобби ретінде бастаған. Бүгінгі таңда шаштараз қызметін қолға алып, шағын кәсібін жүргізіп отыр.

Сандуғаш Жантасова

– Өзім Бірлік ауылында дүниеге келдім. Осы ауылда тоғыз жылдық мектепті бітірдім. Кейін Орынбор қаласына зоотехник мамандығына оқуға түстім. 1998 жылдан бастап шаш қиюды бастадым. Содан бері жұмыс істеп келемін. Шаш қиюды өзім үйрендім. 2005 жылы жұмыспен қамту арқылы Орал қалалық №2 училищесінде шаштараз мамандығын оқуға жолдама берілді. Үш ай оқып, мамандығым бойынша сертификат алдым. Үйренгенім көп болды. Осы ауылда өз үйімде жұмыс істедім. 2014 жылы Орал қаласына көштім. Онда алты ай көлемінде «Асем» шаштаразында жұмыс істедім, кейін алты ай жұмыста Теңіз қаласында болдым. Өткен жылы грант иеленіп, ауылдағы үйіме жөндеу жасап, шаштараз ретінде аштым. Тұрғындар ауылда шаштараз барына риза. 612 600 теңге көлеміндегі грант қаражатына қажет құрал-жабдықтар сатып алдым. Өзіме жұмысым қатты ұнайды. Негізі осы жұмыс өзімдікі екен. Кез келген шаштараз шаш тараудан бастап, қию, бояу, бұйралау, химиялық жолмен сәндеу технологиясын, әр түрлі шаш үлгісімен жұмыс істеуді жетік меңгеруге тиіс. Тұтынушы үшін шашты дұрыс жуып, бас терісін уқалай білу де маңызды. Қолданатын құралсайманды да дұрыс таңдай білу кәсібилікті талап етеді. Әсіресе, жасалуы күрделі, мерекелік, қалыңдыққа арналған шаш үлгілерін епті жасай білсең, ерлер шашын сәнді қия білсең, еңбегің соғұрлым жемісті болмақ, – дейді Сандуғаш Жантасова

Бағдарламаның игілігін көріп, бала оқытып отырған Алтынай пікірімен бөлісті. Ол Тасқалада «LogoDom» логопедиялық кабинеті ашты.

кабинет (1)

 – Қазіргі таңда балалар тілінде кемшілік көп кездеседі. Логопедиялық түзету балалардың сөйлеу тіліндегі ақауды түзетуге және мектепте оқығанда кездесетін қиындықтың алдын алуға бағытталған. Осы саламен айналысып жүргеніме бес жыл болды. Мен осыған дейін балабақшада логопед ретінде инклюзивті кабинетте жұмыс істедім. Жұмысымды әрі дамыту бағытында 1 380 000 теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, кабинетті қажет құрал-жабдықтармен қамтыдым. Қазіргі кезде балалар келіп жатыр. Instagram парақшам бар. Онда ата-аналар кеңес сұрап, жауабын алып отырады. Балалардың тіл кемістігінің бір себебі – көптеген ата-ана ұл-қызына телефон беріп қояды. Балаға кітап оқу керек, тақпақ жаттату қажет. Ерекше балалармен логопед болып жұмыс істедім. Олармен жұмыс істеу қиындау. Әр баланың жас ерекшелігіне қарай сөздік қоры қалыптасуы керек. Қазіргі кезде көп балада тіл кемістігі байқалады. Кемінде аптасына екі рет жасына қарай сабақ өткізу керек. Бала 2-3 жаста болса, 30 минут жеткілікті. Әр бала жасына сай сөздік қоры, түстерді айыра білуі қажет, – дейді Алтынай Иргалиева.

Грант алып, кәсібін ашты қайтарымсыз грант иегерінің бірі Гүлсара Шапикова мата және фетр қағазынан қазақтың ұлттық бұйымдарын жасап, жеке ісін дөңгелетіп отыр.

фетр (1)

– Тігінші – нарықта аса зор сұранысқа ие болып жатқан, тұрғындарға қызмет көрсету саласындағы шығармашылық кәсіп. Осы орайда мата және фетр қағазынан жасалатын қазақтың ұлттық бұйымдарына көңіл бөлдім. Тігіншілік – шыдамды талап ететін өнердің бірі. Мамыр айында оқу оқып, грант алдым. Грант қаражатына жұмысыма қажет құрал-жабдықтарға тапсырыс бердім. Мата мен фетрдан ұлттық нақыштағы бұйымдар жасаймын. Көптеген кәдесыйға тапсырыс келеді. Менің жасаған қуыршақтарым Норвегия, Германия, Италия, Израиль, Ресей елдеріне кетті. Іске өзім бұрыннан жақынмын. Негізі мамандығым – психолог. 30 жылдан астам педагогикалық өтілім бар. Бұған дейін осы іске қызығушылығым бар еді. Бірақ жұмыспен жүргесін, бос уақыт аздау болды. Әкем қолы шебер адам болатын. Анам да қандай іс болсын тиянақты істейді, – дейді Гүлсара Бекесқызы.

фетр (3)

 «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 2023 жылы халық табысын арттыру бағытында қарқынды жұмыс атқарылып, жаңа бизнес-идеялар жүзеге асырылған.

- 2023 жылы 400 АЕК дейін мемлекеттік қолдауға, яғни 690 000 теңге және 1 380 000 теңгеден 32 адам жалпы 30 360 мың теңге қаражатқа (15 көпбалалы, атаулы әлеуметтік көмек алушы төрт азамат, жұмысқа жарамды тоғыз мүгедек, асыраушысынан айырылған бір және мүгедек баланы тәрбиелеуші үш адам) қол жеткізді. Грант иегерлерінің бірқатары ауыл шаруашылығын дамытып, аудан халқына таза сүт және ет өнімдерін ұсынып отыр. Олардың қатарында логопедиялық кабинет, дәнекерлеу ісі, тігін өндірісі, клининг қызметін көрсету, жол бойындағы тамақтану орны, көлік жөндеу, биогумус өндірісі және т.б. қызмет түрлерін қолға алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар бар, – аудандық мансап орталығының маманы Шынтемір Қадыров.

Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале