4.01.2023, 9:16
Оқылды: 29

«Жасдәуреннің» игі істері

Сырым ауданындағы 12 ауылдық округте орналасқан 122 қыстақта 54 447 ірі қара, 28 240 жылқы, 94 854  қой және  96 түйе қыстатылып отыр. Мұнда қысқы маусымға 211 мың тонна шөп пен 337 тонна жем әзірленген.   Қазір жылқыдан басқа малдың 35 пайыздайы шөпке тұрыпты. Қай-қай жерде де сындарлы шаққа ерте қамданыс жасалғаны байқалады.

IMG-20230104-WA0002

Біз тілдескен Шолақаңқаты ауылдық округіндегі «Жасдәурен» шаруа қожалығының жетекшісі  Нұрлан Досанов – әке ісін жалғастырған жан екен. Тынымсыз тірлігінің арқасында шаруасын да дөңгелетіп отыр. Өз иелігіндегі 434  ірі қара, 245 жылқы және 50 шақты қой-ешкінің бағымы келісті, жемшөбі мол. Қора-қопсысының өзі епсекті қолдың табын айтқызбай-ақ аңғартып тұр.

– «Еңбек етсең, емерсің» демей ме қазағым. Бәрі де күнелтудің қамы ғой, шүкір, ел қатарлы тұрмыс кешіп жатырмыз. Қожалығымызда тұрақты жұмысқа тартылған 5 адам бар, олардың айлық жалақылары – 110 мың теңге. Күш біріктіріп, қам-қарекет жасаудың арқасында қысқа 11 760 центнер шөп дайындалды. Меншігіміздегі 1107 гектар алқаптың 400-і егістік, 707-сі жайылымдық жер. Өткен маусымда 70 гектарға мақсары егіп, одан 205 тонна өнім алдық. Несін жасырайық, заман ағымына қарай егістікке де бет бұрып жатқан жайымыз бар, — деді бізбен әңгімесінде шаруақор азамат.

Әке тәрбиесінен мол тәлім алған Нұрлан қайырымдылық іс-шараларынан да сырт қалып көрмепті. Ал жазда шөп бағасын көтермей, әр бумасын (рулон) 4500-5000 теңгеден халыққа сатқан. Мұның бәрін біз жерлестерінің аузынан естідік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, естігенімізді елге жеткізуге біз де асықтық.

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале