5.01.2024, 12:45
Оқылды: 61

Жастар қайырымдылық іске мұрындық болды

Кеше ғана атап өткен Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Казталов ауданы Жалпақтал ауылының белсенді жастары қайырымдылық істі жүзеге асырып, ауыл тұрғындарының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі он бір адамға жаңа жылдық сыйлық ұсынып, күтпеген куанышқа бөледі.​

IMG-20240105-WA0012

-  Қайырымдылық істе ешқандай шекара болмайтыны белгілі емес пе? Біз, жақында Жалпақтал ауылының белсенді жастары бірігіп, игілікті істің басынан табылдық. Біздің бастамамызды шынайы жүрегімен сезініп, бірден қолдаған қолы ашық ауылдастар қайырымдылық шарамыздың өз уақытымен жүзеге асуына тікелей себепкер болды. Онда жастар арасынан шыққан ауыл белсенділері үш-төрт күнге жергілікті тұрғындар арасынан уақытша қайырымдылық қор ашып, аз уақытта жиналған қомақты қаражатқа мүмкіндігі шектеулі ерекше жандарға есте қалатындай сыйлықтар​ ұсынды.

IMG-20240105-WA0010

Осы тұста қайырымдылық бастаманы кедергісіз қолдай білген жомарт жандар арасынан «Айназ» дүкенінің иесі, жеке кәсіпкер Гүлнұр Қалиоллақызы мен ауыл жастары Нұрлан Табылдыұлына, Айбек Әділгерейұлына, Мирас Қуанышұлына, Болатбек Ертілеуұлына, Дәурен Нұрланұлына, Сымбат Әндіжанқызына және мерзімі шектеулі аз уақыт ішінде (3-4 күнде) бастамамызды қолдап, азды-көпті ақшалай қаражаттарын беріп қайырымдылық акциясы шеңберінен табылған барлық жалпақталдық ағайындарға шексіз алғысымызды білдіреміз. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейтіні» сияқты «жұмылып жұдырық болмай» елдігіміз де еленбейтіні кәміл. Сондықтан қамқорлықты қажет ететін жандардың көңілін бірлеп, Жаңа жыл тұсында оларды қуанта білген осындай іс-шараларымыз алда да жалғасын таба берсін, - дейді Жалпақтал ауылындағы жастар ресурстық орталығының кеңесші маманы Жадыра Нәсіпқалиқызы.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале