12.12.2019, 21:48
Оқылды: 89

Жастар назардан тыс қалмайды

Ақжайық ауданы әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі консультативтік кеңесші органның кезекті отырысы өтті.

Жиында жастар арасындағы ауылдық округтерде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөнінде Алғабас ауылдық округінің әкімі Темірболат Есенғалиев, үкіметтік емес ұйымдардың жастарға ықпалы турасында ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Хайруллин, қыз-жігіттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, бұқаралық спортқа тарту және саламатты өмір салтын  насихаттау жұмыстары туралы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Ермұханов жан-жақты баяндады. Сонымен қатар Жастар жылында атқарылған жұмыстар легімен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жандос Сұңғатов таныстырды. Осында шақырылған ауылдық округ әкімдері, жастар ісі жөніндегі кеңесші-мамандар, мекеме, кәсіпорын жетекшілері алдындағы өз сөзінде аудан әкімі Қалияр Айтмұхабетов мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі – жастар саясатын ауданға жүзеге асыру мақсатындағы істерді атап көрсетті.

Аудандағы 39523 тұрғынның 22%-ы, яғни 8865-і – жастар. Қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығында 212 жас жұмыс іздеуші қатарында болса,олардың 48-і ресми түрде жұмыссыздыққа тіркелген. Биылғы жылдың жастарға берген игілігі – «Zhas Project» бағдарламасында 30 жоба 1 млн. теңгеге дейінгі көлемде грантқа ие болып, әлеуметтік қызметтерін жүзеге асырды. Шарапаты мол жоба қараша айында аяқталды, жоба жеңімпаздары енді өз істерін кәсіпкерлік негізде жалғастыруда. Олардың ішінде халыққа қызмет көрсету мекемелерін ашу мақсатында қам-қарекет жасап жатқандар аз емес.

Биыл «AQJAIYQ» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен БҚО жастарының дауыс беру нәтижесінде «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігі облыс бойынша «Ең үздік жастар ұйымы» атанды. Осыған орай бірлестіктің атқарған жұмысы «Молодежь Live» бағдарламасы арқылы көпке таратылды. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың да қызметі соңғы 3 жыл қатарынан облыс бойынша өз әріптестерінің арасында үздік деп танылды. «Жас келсе, іске» демекші, жастардың бастамашы болуымен жол бойындағы көлік апаттарының алдын алу мақсатында ауыл, елді мекен тұрғындарының малына жарық шағылыстырылатын ленталар тағылды. Бұл тек жарқын істердің бірқатары ғана.

Жастардың шығармашылық, спорттық, зияткерлік әлеуетін арттыруға ауданда мүмкіндіктер молынан қарастырылған. Ақжол, Чапаев, Жаңабұлақ ауылдарында заман талаптарына сай коворкинг-орталықтар жасақталса, күні ертең Тайпақ ауылында осындай нысан ашылмақ. Спорттық нысандардың да көптеп бой көтеріп жатқандығына көп куә.

 «Бастапқыда округ орталықтарын шағын спорт алаңдарымен қамтуды көздесек, ендігі мақсат – елді мекендерге де осындай алаңдар орнату. Бұл жұмыста халық саны мен сол ауылды мекендейтін жастардың спорттағы жетістіктерін бірінші кезекте ескеретін боламыз», – деді аудан басшысы.

Аудан әкімі мақтанарлық сәттердің де, кемшін тұстар да аз емес екенін ортаға салды. Айталық, жастарымыздың сап түзеп, сабақ алудан, яғни әскерге барудан қашатыны жасырын емес. Отан алдындағы борышын өтеуден бой тасалап, қашып-пысып жүретін жастарымызға заңның аясында  шара алатын да кез келді. Осы ретте жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық азаматтық борышын өтеп келген, артынан ерген інілеріне үлгі болар ер жігіттермен, әскерге аттанатын азаматтармен шараларды жиі өткізсе, абзал.

Келесі жыл – мерейлі даталарға толы жыл. Еліміздің тарихы, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре жетілген жас қана өз елінің шынайы патриоты болып, туған елінің өркендеуіне қалтқысыз еңбек етеді. Сондықтан Қ.Айтмұхамбетов айтулы мерейтойларға қатысты ұйымдастырылатын шараларға жастарды етене араластыру қажеттігін де тілге тиек етті.

Ертең жастар қатарын толықтыратын ұл-қыздардың тәрбиесіне, оқуына бүкіл ауыл болып атсалысқанда ғана нәтиже сүбелі болмақ. Әрбір жастың, жеткіншектің назардан тыс қалмауы, олардың белсенділігін арттыру аса маңызды нәрсе болып табылады. Кеңес отырысында басқа мәселелермен қатар бұл жайт та қаузалды.

Әлия Серікқызы

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале