26.01.2023, 12:30
Оқылды: 32

«Жастарда» мұз айдыны

Чапаевтағы «Жастар» спорт алаңында қысқы мұз айдыны ашылды. Көлемі 40х60 м алаңды мұзға құрсаған – аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен «Жігер» спорт клубының жігіттері.

IMG_4909

Айдынның ашылуына орай допты хоккейден 2009-2011 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында және көңілді сөреден БЖСМ біріншілігі өтті. Оған БЖСМ, «Жігер» спорт клубы, Мерген, Қабыршақты ауылының командалары қатысты.

Жиналған көпшілікті аудандық спорт мектебінің директоры Марат Ығылманов пен «Жігер» спорт клубының директоры Жаслан Күнбатыров құттықтап, айдынның саламатты өмір салтын ұстанатын әр ауылдасымыз, демалысын таза ауада спортпен шұғылданып, денсаулыққа пайдамен өткізуді қалайтын отбасылар үшін ыңғайлы орынға айналатынына сенім білдірді.

Мінбеден сөйлегендер АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында қысқы универсиадаға қатысқан қазақстанның құрама команданы қызу қолдайтындарын айтып, көпшлікті ауданда өтетін маусымдық жарыстарға белсене қатысуға шақырды.

Осыдан соң теп-тегіс құйылған мұз айдынында хоккейден маусымашар жарыс басталды. Командалардың алғашқы кездесулерінен соң конькимен көпшілік сырғанау ұйымдастырылды.

Тартысты өткен жарыста «Жігер» спорт клубының командасы І орын алса, БЖСМ командасы ІІ орын, ал Қабыршақты және Мерген ауылы командасы ІІІ орынға табан тіреді. Көңілді сөреде   «Барыс» тобы жеңімпаз атанса, ІІ орында – «Чемпион» тобы, ІІІ орынды «Қыран» тобы алды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломмен марапатталды.

Аида Асылбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале