31.01.2024, 17:18
Оқылды: 26

Жастармен жүздесті

Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен аудан әкімі Талғат Шакиров пен аудан жастарының еркін кездесуі өтті.

жастар 2

Алдымен Талғат Асқарұлы сөз сөйлеп, жастарға әрдайым жол көрсетілетінін, олардың тың бастамаларын қолдайтынын жеткізді.

– Еліміздің болашағы – жастар екені баршаға мәлім. Сондықтан жастарды қалай тәрбиелейміз, алдағы уақытта сондай ел көреміз. Уақыт тауып, сіздермен ашық алаңда кездесіп отырмыз. Қандай сұрақ, ұсыныстарыңыз бар, тыңдауға дайынбыз. Бүгінде ең басты мәселе – бірлігіміздің бекем болуы. Себебі бірлік бар жерде тірлік бар. Қуанып отырғаным, кездесуге аудан түлектері келген екен. Сіздерден болашақта білікті де білімді маман шығады деп сенеміз. Қайда қызмет атқарсаңыздар да, тек биік белесті бағындыра беріңіздер. Бәрі өз қолыңызда, – деді аудан әкімі.

жастар 1

Басқосуда жастар тарапынан ұсыныстар айтылып, шешу жолдары қаралды. «Ортақ шаңырақ» еріктілер корпусының мүшесі Наз Есекенова ауданда «Волонтерлік қозғалыс» және «Мектеп президенті» клубын құруды сөз етсе, «Жұдырық» құрама командасының капитаны Саян Сырым жайдарманшыларға қолдау көрсету жайында ойын жеткізді.

Рүстем Әділханов ауданда спорт түрлерінен ашық біріншіліктер өткізу жобасын ұсынды.

Кездесу соңында Талғат Шакиров жастардың өзекті мәселелері мен қажеттіліктерін талқылап, жастар ресурстық орталығының басшысы Жиенбай Мейрамбаевқа бірқатар тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауға алатынын жеткізді.

Сондай-ақ аудандық жастар саясатын іске асыру жолындағы жұмысына сәттілік тілеп, аудан жастарының тың идеялары мен жаңашыл бастамаларына әрқашан қолдау болатынын айтып, жиынды қорытындылады. Аудан әкімі іс-шара соңында ең белсенді жастарға алғысхат табыстады.

Назерке Шайхолла,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале