Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кезекті акция ғана емес, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыратын жалпыұлттық қозғалыс. Бұл бастамаға еліміздің барлық өңірлерімен қатар Шыңғырлау ауданының жастары да белсенді атсалысып келеді. Солардың алдыңғы қатарында табиғатты қорғау мен елді мекендерді көркейтуге өз үлесін қосып жүрген «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары.

Жаз мезгілі басталысымен ауданымыздың жастары ауыл көшелерін, саябақтарды, демалыс орындарын абаттандыруға, ағаш көшеттерін күтіп-баптауға, қоғамдық орындарды тазалауға, туған өлкенің табиғи келбетін сақтауға бағытталған игі жұмыстарға белсене араласады. Бұл – олардың еңбек арқылы елге қызмет етудің, табиғатты аялаудың және азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп жүргенінің айғағы.

Осындай еңбек пен бірлікті ұштастырған игі бастамалардың бірі – «Жасыл ел» еңбек жасақтары жастары арасында ұйымдастырылған аудандық волейбол жарысы болды. Спорттық дода жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұйымшылдықты арттыру және достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізілді.
Тартысқа толы өткен кездесулерде әр команда жеңіске деген жігерін, спорттық шеберлігі мен өзара ауызбіршілігін көрсете білді.
Нәтижесінде:
– І орынды «Сұңқар» командасы жеңіп алды;
– ІІ орын «Намыс» командасына бұйырды;
– ІІІ орынды «Жастар» командасы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен марапатталды.

Аталған жарыс еңбек пен спорттың, жауапкершілік пен ұйымшылдықтың үндестігін айқындаған тағылымды шара болды. Табиғатты қорғау жолында тер төгіп жүрген жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың өзара ынтымақтастығын нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру – мұндай іс-шаралардың басты құндылығы.
Табиғатты таза ұстау – әр азаматтың борышы болса, сол игі іске жастардың белсенді араласуы болашаққа деген сенімнің белгісі. «Таза Қазақстан» идеясы мен «Жасыл ел» қозғалысы ұштасқан тұста туған жердің ажары артып, экологиялық мәдениет нығая түсетіні сөзсіз.
Сара Әділ
Шыңғырлау ауданы