23.05.2023, 15:15
Оқылды: 43

«Жасыл ел» - жасампаз жоба

«Жасыл ел» - Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде жүзеге асырылған бағдарлама. «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы 2005 жылы құрылып, еліміздің барлық аймағында бөлімшелері ашылды.

жасыл ел 5

Қазіргі таңда тек облыста емес, барлық аудан, ауылдарда бөлімшелері бар. Бағдарлама аясында жыл сайын қарқынды жұмыс жүргізіледі. Осы жылдар ішінде аталмыш бағдарлама елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында жастардың басын біріктірді. Жастардың жазғы демалысын текке өткізбей, еңбек етіп, қосымша қаржы табуға мүмкіндік туғызды. Бағдарламаның басты бағыты – табиғатты қорғап, жастарды еңбекке баулу. «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізіп келеді.

жасыл ел 2

Біздің ауданымызда да 2022 жылы жұмыс жасауға ниетті 16 мен 29 жас аралығындағы жастар алдын ала тіркеліп, маусым айынан жұмысын бастайды. «Жасыл ел» мектеп оқушыларын, студент және жұмыссыз жастарды маусымдық жұмысқа орналастырды. 2022 жылы «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша ауданымызға 150 квота бөлініп, 3 ай (маусым, шілде, тамыз) жұмыс атқарылды. Былтыр аудандық бюджеттен 9 000 000 теңге, ал республикалық штабтан 5 309 100 теңге бөлініп, жастар еңбек жасағының сарбаздарына (оларды шартты түрде сарбаздар деп атайды) екі бағытта жалақы төленген.

Биыл «Жасыл ел» бағдарламасына 16 мен 35 жас аралығындағы жоғарғы сынып оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады. Аудан бойынша биыл - 190 квота бөлінген. Сарбаздар «БҚО Бөрлі ауданы Ақсай қаласы әкімінің аппараты» ММ-сі есебінен – 60000 теңге және «Жасыл ел» республикалық штабтан 35 394 теңге көлемінде жалақы алады. Жыл сайын барлық қатысушыға толықтай арнайы киім беріледі.

Былтыр бірінші аусым, яғни 1 маусым мен 30 маусым аралығында 20 жас Ақсай қаласының көшелерінде қызмет етті.

Ал 1 шілдеде басталатын екінші кезеңде 47 сарбаз еңбек етті.

Үшінші кезеңде 46 жас жұмыспен қамтылды.

Сарбаздар 2022 жылы «Зеленстрой» ЖШС-мен бірігіп Ақсай қаласының №3 ЖОББ мектебі жанындағы гүлзарын абаттандыру және 4-шағынаудандағы спорттық алаңды тазалау мен арамшөптерден тазартты. Қаламыздың 10-шағынауданындағы №21 үйдің жанындағы жаңадан салынып жатқан саябақ, аудандық мешіттің айналасын, қалалық әкімдіктің, Халықтар достығы, Жаңаталап көшелері бойындағы қоршауларды тазалап, сырлады.

- Жастарымыз қаламыздың гүлденуіне айтарлықтай өз үлестерін қосуда. Былтыр жастар еңбек жасағының ашылуына орай 1 маусым күні Орал қаласында «Батыс Қазақстан Облысы бойынша «Жасыл ел» еңбек және құрылыс жасақтары» XVII еңбек маусымының ашылу салтанатына қатыстым. Осы бағдарлама арқылы жастар өз бойларына қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады. Жыл сайын ауданымыздың белсенді жастарынан құралған еңбек жасағы қарқынды жұмыс атқарып келеді. Биылғы жазғы демалыс кезінде жастарды жұмыспен қамтып, ауданымызды көркейту мақсатында 190 жасты жұмыспен қамту жоспарланды, - дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық  орталықтың  маманы Ардақ Тлепова.

Маманның айтуынша жастардың бос уақыты көңілді өтсін деп, арасында қызықты ойын, жарыстар ұйымдастырылады.

Алдыңғы жылы «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» әдіскерлерінің ұйымдастыруымен «Жасыл ел» сарбаздарының арасында «Квест» ойыны өткен. Сонымен қатар салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Қарашығанақ» спорт кешенінде волейбол, тағы басқа спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылған.

«Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» дегендей жыл сайын «Жасыл ел» жастары қоғамдық орындардың таза тұруына, қоршаған ортаның көркеюіне өз үлестерін қосып келеді.

 

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале