Казталов ауданында республикалық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының кезекті еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті. Жастарды еңбекке баулуға, қоршаған ортаны қорғауға және елді мекендерді абаттандыруға бағытталған жобаға биыл аудан бойынша 45-ке жуық жас тартылып отыр.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы сөз сөйлеп, жастарды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтап, «Жасыл ел» бағдарламасының жастарды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке тәрбиелеудегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар қатысушыларға сәттілік тілеп, олардың туған өлкенің көркеюіне қосар үлесі зор екендігін атап өтті.

Биыл «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері Казталов, Жалпақтал, Бірік, Ақпәтер және Болашақ ауылдарында еңбек етеді. Олар елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу, қоғамдық орындардың айналасын ретке келтіру сияқты жұмыстарға атсалысады.

«Жасыл ел» жобасы – жастарды маусымдық жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың бойында табиғатқа жанашырлық пен туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыратын маңызды бастама. Осындай игі істер арқылы аудан жастары өңірдің көркеюіне өз үлестерін қосып, қоғам игілігі жолында белсенді еңбек етуді жалғастырады.
Ернәсіл Рысқалиев,
Казталов ауданы