27.09.2021, 17:30
Оқылды: 76

Жауынгер ағаларға құрмет

Сырым ауданында Қазақстанның бітімгерлік батальонының Тәжікстаннан шығарылғанына 20 жыл толуына және 35 жыл бұрын Чернобыль апатының залалын жоюға атсалысқан азаматтарды құрметтеуге арналған шара өтті. Ерлігімен үлгі болған ерлер алдымен ауған соғысы ардагерлерінің ескерткішіне тәу етіп, гүл шоқтарын қойды.

1BE8CC04-DD6E-4B01-A096-7A8FD0A83CC1

Аудандық мәдениет үйінде өткен қаһарман ерлердің ерлігін насихаттауға арналған шара мемлекеттік Әнұранмен басталды.

Тәжік-ауған шекарасында 500 қазақстандық әскери қызметін өтеп, сол жердегі қақтығыстардың, атыс-жарылыстың куәсі болды. Өз еркімен аттанған жігіттерден құралған Қазақстанның бітімгерлік батальоны тәжік-ауған шекарасын 8 жыл қорғады. 1995 жылдың 7 сәуірде Пшихавр шатқалында шекараға Ауғанстан жақтан оқыстан болған 5 сағаттық атыс кезінде қазақстандық 7 рота ерлік көрсетті. Бұл ұрыста 33 қазақстандық жараланып, 17 жауынгер қаза тапты.

Осыдан 35 жыл Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр стансасының төртінші блогы жарылып, апаттың зардабын жоюға 600 мыңдаған сарбаз атсалысты. Солардың ішінде сырымдық ерлер бар еді. Апат залалын жоюға ауданнан қатысқан азаматтар да шараның қонағы болды.

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев ерен ерлік иелерін құттықтап:

– Көршілес тәжік елінің басына күн туған кезде мемлекетаралық келісім бойынша біздің сарбаздарымыз, бейбіт күнде болған Чернобыльдағы апат зардабын жоюға азаматтарымыз өз сұраныстарымен аттанған болатын. Тәжік-ауған шекарасынан бітімгерлік батальонының шығарылғанына биыл 20 жыл болып отыр. Жаңадан мемлекеттер Тәуелсіздік алып, ТМД құрылған сәтте Тәжікстанға қол ұшын созған біршама ел болды. Сол кезде Тәжікстан үкіметіне қарсы оппозициялық, ислам атын жамылған радикалдық ұйымдар төңкеріс жасауға әрекет етті. Тәжікстанмен шекаралас Ауғанстанда талибандар қозғалысы, есірткі тасымалдаушылық өршіп тұрған еді. Олар есірткіні тәжік шекарасынан өткізіп алып, әрі қарай ТМД елдеріне таратуды мақсат тұтты. Шекарада жиі орын алған қанды қақтығыстарда қазақ батальоны 7 рота ерлік көрсете алды. Ең үлкен ұрыста 33 қазақстандық түрлі ауыр жарақат алып, 17-сі опат болды. Сырым аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Абат Мағажанұлы сол 7 рота құрамында болып, ұрысты көзімен көрді. Осыдан 35 жыл бұрын Чернобыль қаласында атом электр стансасы жарылғаннан кейінгі залалсыздандыруға Кеңес Одағынан 600 мыңға жуық азамат қатысқан. Қазақстанның 32 мыңға жуық азаматы апат зардабын жоюға атсалысты. Оның ішінде сарбаздар, студенттер, өзі ниет білдіріп аттанған басқа да адамдар болды. Сұрапыл атом апатының орнына барғандары денсаулықтарынан айырылды. Мұның бәрін, ағаларының өрлігі мен ерлігі жайында біз жас буынға патриоттық тәрбие ретінде айтып жүруіміз керек,- деді.

«Қазақстан Республикасының дербес біріккен атқыштар батальонының Тәжікстан Республикасынан шығарылғанына 20 жыл» мерекелік төсбелгісімен Ержан Байдашев, Қобылан Байниязов, Нұрлан Ешмұханов, Серік Меңешев, Айғали Хазалиев, Манас Бақытжанов, Тұрар Надиров, Асылбек Самигуллиев, Ақылбек Теміров марапатталды. Бұл азаматтардың өңіріне төсбелгіні аудан әкімі тақты.

074DFC02-24DF-450D-ADC2-E3774CFEE494

Қазақстан Республикасы бойынша Чернобыль ардагерлер кеңесінің «Чернобыль АЭС воин-ликвидатор» орденімен Елеген Ешмаков, Орынбасар Исқалиев, Самат Сүттібаев, Берік Өтемұратов, Георгий Вебер наградталды.

Батыс Қазақстан облысындағы тәжік-ауған шекарасындағы ардагерлер пен жауынгерлер одағының республикалық филиалының төрағасы Әлішер Ашурматов сөз сөйлеп, көзге көрінбейтін жаумен арпалысып, Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысқан және сол кездегі әскери борыштың ең ауыры болған тәжік-ауған шекарасында әскерде болған ағаларды төл мерекелерімен құттықтады. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Абат Дүйсембиевке Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиевтің атынан «Ұлттық Ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісі мен «Ардагерлер одағының тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарға қатысушылардың республикалық қоғамдық бірлестігінің» Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының алғыс хатын табыстады. Осындай алғыс хат жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, Тәуелсіздік қорғанысын нығайтуға арналған іс-шаралар ұйымдастырғаны үшін аудан әкімі Төлеген Төреғалиевке де табыс етілді.

Әлішер Ашурматовтың алғыс хатымен Нұрлыбек Қарашаев, Айғали Хазалиев, Серік Меңешев, Ержан Байдашев, Қобылан Байниязов, Нұрлан Ешмұхановтар марапатталды.

Ардагер ағалар атынан Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысушы Орынбасар Исқалиев құттықтау сөз сөйлеп, ауданнан он адам қатысқанын айтты. Олардың екеуі өмірден өтсе, үшеуі Орал қаласында тұрады. Бүгінде ауданда бес чернобыльдік қалды.

Салтанатты шара «Ерлікке тағзым» атты концертпен жалғасты.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

  zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале