6.04.2022, 19:24
Оқылды: 118

Жауыр болған жол мәселесі

Тұғырлы тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл болса да жолдың жыры бітпей тұр. Шұрық-тесік жолдар ішек-қарныңды солқылдатып, бүйрегіңді түсіре жаздайды. Ауыл ішіндегі 7 көшеге былтыр асфальт жол төселген. Дейтұрғанмен жөндеуді күтіп тұрған көшелер де бар. Соның ішінде С.Бабажанов көшесінен өтетін кірме жолдың жайы мәз емес. Ой-шұқыры көп кірме жол көліктің бұзылуына әкеп соғатынын айтпағанда, көлік апатына ұшырату қаупі бар екенін ескерген жөн. Осындай ескерілмей қалған мәселеге кім жауапты?!

WhatsApp Image 2022-04-06 at 20.12.41

Жол мәселесі қашан шешілмек?

Түйткілді мәселенің түйінін тарқату мақсатында автомобиль жолдарына жауапты жанға барған едік. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанғали Мұратов жобалық-сметалық құжат жасақтағанын жеткізді.

- С.Бабажанов көшесінен өтетін 2 шақырымды құрайтын кірме жолға 2021 жылы жобалық-сметалық құжат жасақталды. Жоба бойынша құрылысқа қажет қаржы бөлуге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына  2021 жылғы 4 тамызда бюджеттік өтінім тапсырылды. Жобалық-сметалық құжатқа қаржы министрлігінің басшысы қол қойған жағдайда қаржы бөлінеді. Қаражат 3 жылдың ішінде бөлінбеген жағдайда жобалық-сметалық құжат күшін жояды. 2021-2022 жылдары қаржы бөлінеді деп күтілуде. Жобалық-сметалық құжат 91,032 млн. теңге қаражатты талап етеді. Көпжасар мен Пятимар ауылдарының кірме жолдарына биыл республикадан қаражат бөлінетіндігі жайында айтылды. Алайда, әлі бөлінбеді. Жасақтаған жобаларға қаражат бөлінген соң жолды жөндеуді бастап кетеміз, - деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанғали Есқалиұлы.

Осы сауалмен Жаңақала ауылдық округінің әкімі Ақан Қапановқа да барып, мән жайды білдік.

3d905977-a50a-4532-adb8-ea85e430dc1c

«Биыл 4 көшеге жол салынады»

- Кірме жол есебінде жатқан С.Бабажанов көшесінен Желілік өндірістік басқарма мекемесіне дейін баратын бұл жол аудандық маңызы бар жолға жатады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанғали Есқалиұлы жобалық-сметалық құжат дайындады. Осы жол біздің ауыл үшін өте маңызды. Себебі бұл жолмен қазіргі таңда ауылға кіретін автокөліктердің 60-70 пайызы жүк көліктері жүреді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесіне ұсыныс берілді. Бүгінгі таңда осы жол ауыл тұрғындарының ең көкейкесті мәселелерінің біріне айналды. Жаңақала ауылы аудан орталығы болғаннан кейін қатқыл табанды жол салу мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Биылғы жылы ауылдың кейбір көшелеріне жол салу жұмыстары басталады. Бірлік, М.Мирманов, Қисық-қамыс, 1 мамыр көшелеріне 2,24 км қатқыл табанды жол, 2,63 км жаяу жүргіншілер жолын салуға республикалық-облыстық бюджетттен қаражат бөлінді. Осы мәселемен аудандық тұрғын үй-коммуналдық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі өзі тікелей айналысып, конкурс беріп, жеңімпаз анықталды. Жеңімпаз атанған «Ануш құрылыс» мердігер компаниясы, - деді Жаңақала ауылдық округінің әкімі Ақан Болатұлы.

WhatsApp Image 2022-04-06 at 20.11.39

Жол сапасы сын көтермейді

Оның себебі неде?! «Сапасыз материал ма, немесе сапасыз құрылыс па» деген сауалдар ауыл тұрғыны тараптарынан көп айтылады. «Аудан орталығындағы жолдың жайы осылай болса, шағын ауылдардағы жолдың жағдайы қандай» деген сұрақтар өзекті жарады. Сапалы жол салуға не кедергі, қаражаттың аз бөлінуі не болмаса материалдың қымбатшылығы ма, немесе материалдың өзімізден шықпайтындығы ма? Дамыған 50 мемлекеттің қатарына ену үшін ең алдымен жолымыздың жағдайын жақсартуымыз қажет. Материал қымбат деген сынды түрлі сылтаумен ақталып, оны кейінге шегеріп тастап жол құрылысын қазірден қолға алмасақ, материал әрі қарай қымбаттай беретіні хақ. Осы ретте С.Бабажанов көшесінің тұрғыны Аманжол Жұбанышевтің пікірін білген едік.

11cb5664-33a5-480c-b8a8-01a16d1ca8c8

«Өзекті өртеген жол мәселесі бәрімізге ортақ»

- Жол азабы көр азабы деп ата-бабаларымыз бекер айтып кетпесе керек. Осы көшеде тұрып жатқаныма 30 жылдың жүзі болды. Шүкір Жаңақаламыз жылдан жылға көркейіп келе жатыр. Былтыр бірнеше көшеге жол салынды. Алайда, біздің көшенің жолы жөндеуді қажет етеді. Шұрық-тесік жолда көлікпен жүргенде шұңқырларды айналып өтуге тура келеді. Шұңқырды айналып өтемін деп абайсызда жолдың жиегіне шығып кетіп біреудің өміріне зақым келтіріп қоямыз ба деген үрей бар. Осындай шұңқырларды бітеп, түзу жол салып берсе жол-көлік оқиғалары орын алмасы анық. Сондай-ақ осы шұңқырлардың кесірінен көлігім жиі бұзылады, дөңгелегі де жиі жарылып қалады. Ауылымыздың барлық көшелеріне сапалы жол салынса нұр үстіне нұр болмақ, - деді А.Жұбанышев.

- Жолдың сапалы болуының маңыздылығын көлік тізгіндеген әрбір адам білетін шығар. Жолда шұңқырлар кездесетінінің салдарынан көлік жиі бұзылады. Жиі-жиі жөндетіп тұруға тура келеді. Оның барлығы қаржыны талап етеді. Сапасы сын көтермейтін жолда көлікпен жүріп, оның жөндеуіне ақша құртқанша жаяу жүруді дұрыс санайтын таныстарым да кездеседі. Көлік бұзылса бір сәрі, мұндай жолда көлік апаты орын алмасына кім кепіл? Жолдың шұрық тесік болуы ауылымыздың басқа көшелеріне жол салынбаудың да кесірі деп білемін. Басқа көшелерге де жол салынса үлкен жүк көліктері басқа кірме жолдармен де жүретін еді, - дейді ауыл тұрғыны Қайырбек Хайдаров.

adb6c248-c9c5-46c0-bbcc-55bd064957e0

Жол мәселесіне бей-жай қарамайық

Әлемдегі ең құнды нәрсе - адамның өмірі. Ауылымыздың кейбір көшелері жаңбыр жауғанда езіліп ми батпаққа айналады. Ауылдастардың мұң-мұқтажын еститін құлақ табылып, жауапты жандар жолды жөндеуді қолға алса игі. Жолдың жыртығын жамау, әрине, оңай емес. Дегенмен тұрғындардың жүріп-тұруына бар жағдай жасалу қажет екенін есте сақтаған жөн.

Жол салынбаған ауылдың шет жағында тұратын ауыл тұрғыны бізге өз базынасын жеткізген еді.

- Мен жолдасыммен, екі баламмен Чуланов көшесінде тұрамын. Батпақты күндері орталыққа қарай қатынау өте қиын. Әсіресе қызымды сабаққа апарғанда қиындық тудырады. 12-аялдамадан маршрутқа отырамыз, ішінде адам үнемі лық толы отырады. Батпақты күндері көліктің де адамның да жүруіне қиын. Кейде батпақ күндері орталықтағы ата-анамның үйінде бірнеше күн тұруға тура келеді. Кейбір оқушылар сабаққа барамыз деп батпаққа батып жатады. Қар мен жаңбырдан кейінгі жолдың күйі көңіл көншітпейді. Біздің көше сияқты жолы жоқ көшелерге жол салынса халық бір разы болып қалар еді. Біздің мұң-мұқтажымызды тыңдайтын жауапты билік өкілдері болса айтарымыз осы, - деді Мейрамгүл Макулова.

Жамалмай қалған жол көлік жүргізушілеріне айтарлықтай қолайсыздық тудыратыны бәрімізге мәлім. Шақшадай басы шарадай болып отырған Жаңақала жұртшылығы аталмыш мәселе шешіледі деген үмітте. Тұрғындарға қолайсыздық тудырған мәселе шешілсе Жаңақаламыз одан әрі көркейе бермек. Көркейген қала мен ауыл Тәуелсіз ел болғанымыздың көрсеткіші деп білейік. Билік өкілдері бұқара базынасына құлақ түрсе тұрғындар жағдайы ілгері баспақ.

Райхан Амантайқызы,

Жаңақала ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале