22.01.2020, 15:30
Оқылды: 6206

Жаяу Мұсаның еліне «жаяу барған» түйелер

Әлеуметтік желі арқылы тараған «Павлодар жақтан иесіз түйелер табылыпты», «Бура бастаған үйір түйе Баянауылға келіп тоқтапты. Иелері жоқ екен!» деген хабар түйесі жоқ адамдардың өзін елең еткізді.

syrym1 (1)

Мына түйелер Баянауылда, біздің жайлауымыздың жанында бір айдан бері жүр. Қазақстанның батысы жағынан келген деген сөздер шығып жатыр. Расымен, солай болар. Себебі, біздің өңірде түйе малы атымен жоқ. Жігіттер, обал ғой деп, шөбін беріп жатыр. Түйелердің «О» деген таңбасы бар. Жоғалтқан біреу бар ғой, не болса да, - делінген Whats App арқылы келген дыбыстық хабарламада.

2014 жылдың қарашасында Сырым ауданының Қособа ауылының тұрғыны Қатірен Байниязовтың жайылымда жүрген түйелері жоғалды. Атпен, мотоциклмен, көлікпен іздеді. Қособа мен Тайпақтың арасын былай қойғанда, Ақтөбенің Қобдасын, тіпті Атырау мен Ақтауға дейін барды. Аяғы жетпеген жерге хабар салды. Ізім-ғайым жоқ. Павлодардағы түйелер жайлы естігенде «Менің түйелерім болып жүрмесін!» деп ойлағаны да жасырын емес.

Жеті атамыздан бері түйе бағамыз. Ол жануардың бір қасиеті – өзінің жайылымынан көп ұзамайды. Менің түйелерім де Жетікөлге, Сайқұдыққа дейін барып жайылып, үш күн, әрі кетсе он күннен кейін Қособаның даласына қайтып келіп жүрді. Жоғалғанынан-ақ қолды болды-ау деп ойладым.

syrym1 (3)

Хабарды ести салысымен, Баянауылдағы жігіттерге хабарластым. Ол жаққа 14 бас барып тұр екен. Қособа мен Павлодардың арасы қайда? (Жымпитыдан 2 235 шақырым. Автор) Шамасы, түйелер ұрланып, кейін өздері солтүстік асып кетіп тұр. Менің малымда «О» деген жазу болатын. Жігіттер ондай жазудың барын растады. Өзім салған ен салған едім, ол да дәл келіп тұр. Жақынырақ барып суретке түсіру қиын екен, бура жолатпайтын көрінеді. Бағу көрмей, бетімен жүргесін жабайы болып та кеткен шығар.

Барлық түйе менікі деуден аулақпын. Әкем «Біреудің ала жібін аттама!» деп үйреткен. Артық олжадан дәметпеймін, маған өзімнің малым бұйырса болды. Екі түйемнің мінезін білем. Сол арқылы анықтап алар едім, - дейді Қатірен ағай.

Баянауылдағы түйелер туралы хабардың растығын өз құлағымызбен білмек болып, нөмірін тауып, жоғарыдағы хабарды таратқан адамның өзімен байланысқа шықтық. Иесіз малды көріп, елді құлақтандырған мұсылман – Аймұхамед Молшин деген азамат екен.

 Үйір түйенің шаруашылығымыздың маңында жүргеніне бір айдай болды. Иесіз мал болмайды. Бұл түйелердің иесі бар, іздеп жатқан шығар деп ойладық. Өзіміз де мал өсіріп отырған шаруамыз, жоғалтқанның зардабын білеміз. Содан біреудің бейнеттеніп асыраған малы ғой, біреулер иемденіп кетер деп ойлап, қасымыздағы жігіттердің қожалығына тұрақтаттық. Полицияға хабар бердік, өз күшімізбен әлеуметтік желі арқылы да жария салудамыз. Түйелер қазір Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, С. Торайғыров ауылына қарасты Майқайың елді мекенінің маңында тұ, - деді бізге «СарыжайлауCAPITAL» шаруа қожалығының басшысы Аймұхамед Молшин.

 Жаңалықты естіген белгілі ақын, журналист, қособалық Бауыржан Халиолла «Жаяу Мұсаның еліне «жаяу барған» түйелер шынымен де менің «ауылдастарым» болса, қызықтың көкесі осы емес пе?» - деп таңданыс білдірді өзінің Facebok – тағы парақшасында.

Ал Қатірен ағамыз Алланың қалауымен, бес жыл дегенде түйелерім табылды деп болжап отыр. Қыс бітпей, аяқтай барып, көріп, танып келу де ойында бар. Иә, түйелер Қатірен ағайдың малы болып шыға ма, жоқ па, әңгіме о да емес. Осы оқиға бізге қазақтың адалдығын, имандылығын тағы бір дәлелдегендей. Аймұхамед сияқты аңқылдаған баянауылдық жігіттердің ісі көп қазаққа үлгі болса екен.

 

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

суреттер Аймұхамед Молшин мырзадан Whats App арқылы келді

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале