18.07.2022, 21:52
Оқылды: 24

Жаздың бір күні – қыстың мың күні

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев әріптестері Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Усағалиев және облыстық мәслихат депутаты, «Жібек жолы» шаруа қожалығының басшысы Ғанимат Нұрмұхановпен бірге егіс алқаптары мен шабындықтарды аралап, аудандағы жазғы далалық жұмыстардың барысымен танысты.

IMG_8618

«Жібек жолы» шаруа қожалығы биыл жерге жеті дақылдың дәнін салыпты. 2682 га алқаптың 500 гектарына арпа, 430 гектарына тары, 100 гектарына құмай шашқан. 1352 гектарды майлы дақылдар алып жатыр. 907 га күнбағыс пен 445 га мақсары егілген. Күнбағыс дегеннен шығады, қожалық биыл шемекінің жаңа сортын және жүгеріні тәжірибе жүзінде егіп көруде. Мал азығын да ұмытуға болмайды. 300 га судан шөбі көп ұзамай шабылып, буылмақ.

Сырым ауданы оңтүстік бетке қарай орналасқан. Сондықтан шөлге шыдамды дақыл түрлерін таңдадық. Уақыт пен жердің мүмкіндігін пайдалану үшін егінді түрлендірдік. Осы алқаптарға Кеңес үкіметі уағында тек бидай мен арпа егілген. Біздің шаруашылық мақсары, құмай, күнбағыс дәнін салды. Бұл әдіс – әртараптандыру деп аталады. Ресейден ыстыққа төзімді арпа тұқымын алдырдық. Сапалы тұқым – егіннің кепілі.
Жалпы өнімге екі фактор әсер етеді. Біріншісі – табиғи, екіншісі – адами. Табиғи фактор жердің сапасы, ауа – райының әсерімен өлшенеді. Ал адами фактор дегеніміз – оңтайлы уақыт, тәжірибелі мамандар, заманауи техника және көпбейінді агрегат. Қолымыздан келетін іс. Сондықтан бұл жөнінен қателік жіберуге болмайды. Мәселен, алқаптарды америкалық John Deere тракторлары өңдеп, жыртып, қопсытты. Дән себу жұмыстарын да америкалық дәнсепкіш агрегаттар атқарды. Егу жиілігі мен ылғалды сақтап және уақыт жағынан басымдық алу үшін егу ісінде Great Plains механикалық дәнсепкіштерді және ресейлік астық дақылдарын егетін «AMAZONE»-ды пайдаландық. Нәтижесінде алқап «қыздың тіккен кестесіндей» түзу, таза.
Дән шашқаннан кейін, қарап отыруға болмайды. Зиянкестерге қатысты барлық шаралар атқарылуы тиіс. Жаз бойы күнбағыс және мақсары алқаптарына шалғын көбелегіне қарсы инсектицидтер қолдандық, – дейді далалық жұмыстардың басындағы «Жібек жолы» шаруа қожалығының агрономы, ауылшаруашылығы ғылымдарының магистрі Нұрбол Қайдарұлы.
Агроном мал шаруашылығының негізгі мәселесіне қатысты да ойын айтты:
- Мал шаруашылы үшін азық үлкен мәселеге айналып келеді. Неге? Себебі, жайылымдарды пайдалану талабы сақталмайды. Тапшылықты шешудің бір жолы – егін. Биыл тәжірибе үшін жүгері ектік. Одан бөлек, біз егістік алқаптар үшін ауыспалы ретті сақтап отырмыз. Алдағы уақытта қожалық азықтық дақылдар егуді асыл тұқымды мал шаруашылығымен қатар алып жүреді. Ауыл шаруашылық дақылдарын сүрлеу (силос), шөпті пішендеу (сенаж) сияқты әдістерге көшу жоспарда бар. Мал шаруашылығы даму үшін азығы да дұрыс болуы тиіс, – деді ол.
«Жібек жолы» егістік алқаптарды малдан қорғау үшін электронды бақташы қызметін пайдалануда. Өңір шаруалары қолданамыз десе – өте оңды тәжірибе.
Төлеген Төреғалиев әрі қарай Талдыбұлақ, Елтай, Алғабас және Шолақаңқаты ауылдық округтеріндегі «Шырдай», «Атансай», «Бақтияр», «Рауан», «Тінәлі», «Ажгалиева.А», «Байтерек», «Қарағанды», «Правда», «Даму» шаруашылықтарының алқаптарында болып, дамылсыз еңбек етіп жатқан диқан – пішеншілермен кездесті. Аудан әкімі далалық жұмыстардың «жауынгерлерінің» жұмыстарына сәттілік тілеп, мал азығын дайындау ісін сапалы атқаруды сұрады. Өйткені, жаздың бір күні – қыстың мың күні.
Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылы бөлімінің басшысы Руслан Усағалиев тек «Жібек жолының» ғана емес, жалпы аудан шаруашылықтарының майлы дақыл егуге ерекше екпін салып жатқанын атап өтті. Себебі, 2022 жылы Сырым ауданы бойынша 4500 га алқапқа майлы дақылдар егу жоспарланғанымен, көлем 9292 гектарға дейін кеңейіп, меже 206,5 пайызға орындалған.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале