7.07.2023, 16:35
Оқылды: 24

Жазғы демалыс лагерінің берері көп

Табиғаты әсем Январцев ауылында «Жас ұлан» жазғы демалыс лагері жұмысын жалғастыруда. Алты ауысымға жоспарланған лагерьде барлығы үш жүз бала демалып шығады деп күтілуде. Қазіргі таңда мұнда төртінші ауысым өтуде.

IMG-20230707-WA0044 (1)

Айта кету керек, «Жас ұлан» сауықтыру-тынығу демалыс лагерінде балалар үшін қажет жағдай барынша жасалған. Лагерь меңгерушісі С. Кубулова бастаған қызметкерлер күн тәртібі бойынша барлық жұмысты реттеп, әрбір іске жауапкершілікпен қарап, санитарлық ережелерін қатаң сақтауға тырысуда. Аға тәлімгер С. Мұратов барлық іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне көп тер төгуде. Тәрбиеші Б. Қазбеков балалармен  күндіз-түні бірге болады. К. Меңдіғазиева  мен Г.Солодовникова сынды  қосымша білім беру педагогтарының да бұл бағыттағы еңбектері ұшан-теңіз. Жалпы лагерь ұжымы өздеріне белгіленген міндеттемелерді жоғары жауапкершілікпен атқарып жүргендігі қуантады.

Лагердің күн тәртібіне келер болсақ, балалар таңғы сағат 8:30-да ұйқыдан тұрып, жуынып-шайынған соң ертеңгілік гимнастикаға кіріседі. Сағат 9:15-те таңғы астарын ішкеннен кейін таза ауада «Толағай», «Көңілді жарыс», «Серуен», «Экскурсия» сияқты түрлі ойындар, мерекелік шараларға қатысады. Түскі астан соң, яғни сағат 14:00-ден 16:00-ге дейін тынығып алады. Ұйқыдан соң еңіл тамақтанып алып, «Брейн ринг», «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» зияткерлік ойындарына ден қойып, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбыдан өзара сайысқа түседі. Сағат 19:00-де кешкі ас ішіп, дискотекаға барып, караокемен ән айтып, көңіл көтереді. Сонымен қатар «Бір шаңырақ астында» шарасына, «Менің нағыз досым» ойыны да қатыса алады. Топпен кинофильмдерді тамашалап, «Лагерь ханшайымы», «Экспромт» байқауларында бақ сынағаннан кейін  сағат 21:45-те екінші кешкі ас беріліп, сағат 22:00-де ұйқыға жатқызылады.

Осылайша оқушылар лагерде бір апта демалып, бір-бірімен танысып, достасып, қимай қоштасады. Осыдана-ақ жазғы демалыс лагері коммуникативтік дағды қалыптасуының үлкен тәрбие мектебі екенін көруге болатындай.

 

Ғарифолла Жиналиев,

 аудандық тәрбие жұмысы орталығының

бұқаралық бөлім меңгерушісі

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале