12.04.2022, 15:45
Оқылды: 276

Жазғы мектеп не үшін керек?

ҚР Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларына жазғы мектептерде білімдерін жетілдіруге кеңес берген болатын.

28

-Биылғы оқу жылы әдеттегідей 25 мамырда аяқталады. Ал 26 мамырдан бастап 9, 11-сынып оқушылары емтихандарын тапсырады. Қалған басқа сыныптың оқушылары үшін 17 маусымға дейін жалғасатын жазғы мектеп ұйымдастырылады. Бұл хақындағы шаруалардың дайындығы қазірден бастап жоғары деңгейде жүріп жатыр, — дейді Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Жеңісқызы.

Жалпы, жазғы мектеп не үшін керек? Бұл жөнінде ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова былай дейді:

-Жазғы мектеп —  біліміңізді жетілдіріп, олқылықтарды толтыруға тамаша мүмкіндік. Пандемия оқу үдерісіне жақсы әсер етпегенін және мектеп оқушыларының кей тақырыптарды толық меңгермегенін жақсы білеміз. Басқа елдерде бұл мәселені шешу үшін оқу жылын ұзартады. Ал біз оқу жылын ұзартпай, жазғы мектеп ұйымдастырдық.

Жазғы мектептерде сабақтар әдеттегі форматта өтпейді. Икемді оқу кестесі ұйымдастырылады, сабақтар мұражайларға және экскурсияларға бару түрінде де өтеді.  Оқушыларға баға қойылмайтынын, сонымен қатар үй тапсырмасы берілмейтінін атап кеткен жөн. Жазғы уақыттағы оқу мүмкіндігінше қызықты әрі мазмұнды өту үшін барлық жағдай жасалады. Кейбір балалардың репетиторлармен ақылы курстарға барып, қосымша білім алатынын білеміз. Осы орайда жазғы мектеп біліміңізді шыңдап, олқылықтың орнын толтыруға да тамаша мүмкіндік.

Жазғы мектеп барлығына ұйымдастырылады. Бірақ, түрлі жағдайларға байланысты жазғы мектепке қатысты соңғы шешімді ата-аналар мен мектеп оқушылары өздері қабылдайды. Алайда, түпкілікті шешім ата-ананың қолында екеніне қарамастан, біз өз тарапымыздан жазғы мектепке баруға кеңес береміз, өйткені бұл, ең алдымен, балаларға қажет, — деген Гүлмира Раинбекқызы бірінші кезекте баланың мүддесін, оның болашағын ойлау керек екенін жеткізді.

Ал теректілік ата-аналар не дейді? Көпшілігі, яғни 85 % -ы «Балаларымызды жазғы мектепке беруге қарсымыз» деп отыр. Солардың біреуінің пікірін берсек.

-Балалармыз жыл бойы оқып, білім алды. Енді үш ай уақытта демалғаны абзал. Алаңсыз қыдырып, ел-жер көрсін. Үй тірлігіне араласып, еңбек етсін, қала берді, асыр салып ойнасын. Бала ғой, емін-еркін жүрсін. Кітап оқығысы келсе, кітапханасына барсын. Қазірдің өзінде балаларымыз «Қашан каникулға шығамыз?» деп жазды асыға күтіп жүр, — дейді ата-ана Руслан Ерболатов.

Подстепныйлық Шолпан Мырзағалиева болса, балаларды жазғы мектепке беруді құптайды.

-Үш балам да оқушы. Сабақ аяқталған соң, жазғы мектепке береміз. Өйткені, үйде телефонға телміріп отырғанша, білімін жетілдірсін. Оның үстіне, жаңалықтардан оқығанымда, лагерь секілді жеңіл ұйымдастырады екен. Сол үшін жазғы мектептің ұйымдастырылуын қолдаймын, — дейді.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале