2.08.2021, 12:37
Оқылды: 163

Жеке кәсіпкердің қаражатына Ардақ ауылында амбулатория салынуда

Шыңғырлау ауылында Ардақ ауылдық округі тұрғындарын мазалап жүрген мәселенің бірі – ауылдағы амбулаториялық пункттің ескіріп, апатты жағдайда деп танылуы болатын. Өткен ғасырдың 50-шы жылдары тұрғызылған емдік орны содан бері дұрыс жөндеу көрмей «шаршап» тұрған еді. Жаңа амбулатория салуға тиісті қаражат қарастыру мүмкіндігі табылмай, ардақтықтар алаңдаулы жүрген-тұғын. Бұл көкейкесті мәселенің шешімі жуырда табыла кетті. Осы өңірге өз шаруашылығын дөңгелетсем деп көзі түсіп келген кәсіпкер, оралдық Мақсұт Ваисов ауылдағы амбулаторияның жағдайы туралы жергілікті халықтың назына құлақ түрген екен. Оның үстіне осы шешімі табылмай тұрған жағдай туралы іскер азаматқа аудан басшысы да құлаққағыс етіп, мүмкіндік болып жатса қолұшын созып, жаңа нысан салып беруге ұсыныс білдіріпті. Ойын таразыға салып, қаражат жағын екшелей келе, бұған дейін де жүрген жерінде игілікті істерімен таныла білген Мақсұт ардақтықтарды қуантуды жөн көріпті. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында «Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында Шыңғырлау өңірінің тумасы болмаса да алдағы тірлігін осы жермен байланыстырғалы отырған азаматтың бұл шешімі жұртшылықты разы етті.

Шыңғырлау Ардақ (4)

«Іске сәт» делінген күннен бастау алған құрылыс жұмысының жүргізіліп жатқанына да бір айдың көлемі өтті.
- Жалпы өзім Ақжайық ауданының тумасымын, Жалпақтал туып-өскен жерім. Еңбекпен ес жиған маған ауылдың тыныс-тірлігі әбден таныс. Осы күнге дейін кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, дүкен ашып, тамақтандыру орнының да жұмысын дөңгелетіп келемін. Шыңғырлау ауданының табиғаты шырайлы, жайылымы шұрайлы екеніне қанықпын. Сол себепті тағы да бір кәсіпке бет бұру мақсатым бар. Ол – осы Ардақ ауылына табан тіреп, ірі қара шаруашылығын ілгерілету. Қазіргі күнде аудандағы тиісті мекемелермен жұмыс істеп жер мәселесін шешу, тиісті шешімдерге қол жеткізу, басқа да заңдастыру тұрғысынан жұмыстарды аяқтау үстіндемін. Бұйырса малдың қора-қопсысын реттеп алған соң тұрғын үй салып, осы бағытқа біржола ден қоймақпын. Ал мына бастап отырған амбулатория жүмысы бүгінгі таңда қарқын алуда. Бәрімізге мәлім, қазір қымбатшылық жайлаған заман болып кетті ғой. Құрылыс материалдарының бағасы да ұшып тұр, керекті заттарды жергілікті жерден алудамын. Осы саладан хабары мол 4 құрылысшы әр күнді тиімді пайдалануға тырысуда. Үш бөлмелі және қосалқы шаруашылық бұрышы бар шағын ғимаратты сапалы аяқтап, халық игілігіне ұсынсам деген ойдың жетегіндемін.Мәселе сенің қай жердің тумасы болғандығыңда емес, қай жердің ауасын жұтып, суын ішсең сол жердің мұқтажына тырнақтай болса да өз үлесіңді қосып, қолыңнан келген мүмкіндікті қарастыру ғой, – дейді іске мығым, сөзіне табанды мәрт азамат.
Шын мәнінде, бәрімізге мәлім, індет бүкіл әлемді дүрбелеңге салып отырған шақта ауылға білікті мамандармен қамтылған, заманауи тұрғыдан жабдықталған амбулаторияның қажеттігі түсінікті. Ыңқыл-сыңқылы көп егде жастағы тұрғындар таяқ тастам жерде ем-домын алып жатса, қажеттінің бәрі бір орыннан табыла кетсе ғанибет емес пе?
Жуырда ауданымызға іссапармен келген облыс әкімі Ғали Есқалиев Ардақ ауылдық округіне арнайы бұрылып, бой көтере бастаған құрылыс жұмысын өз көзімен көріп кетті. Облыс басшысы кәсіпкер жігіттің бұл қадамын құптап, әр ауылда осындай халықтың жағдайына қарасатын азаматтар табылып, ел игілігіне қызмет етсе игі деген тілегін айта келе Мақсұт Ваисовқа сәттілік тілеп, өзінің ақыл-кеңесін де бере кеткен болатын.
Бүгінгі таңда ескі медициналық пунктте бір фельдшер, бір санитар және көлік жүргізушісі 323 ауыл тұрғынына қызмет көрсетуде. Кәсіпкердің айтуынша, жаңа амбулатория ғимараты күзге таман ардақтықтар игілігіне берілмек. Ал оның жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталуы, білікті мамандармен қамтылуы аудандық денсаулық сақтау саласының құзыретінде болмақ.
Кісідегінің кілті аспанда болып тұрған шақта қайырымды һәм ерікті жанның көмегімен салынып жатқан кең де қолайлы нысан ел игілігіне ұзақ жыл қызмет етеріне сенеміз.

Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале