26.09.2022, 19:38
Оқылды: 100

Желаяқтарға тосқауыл жоқ

Қыркүйек айы басталғаны бері қазыналы мекен Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласы күні кең көлемде аталып өтуде. Өйткені биыл шырайлы шаһар өзінің 55 жылдық мерейтойын тойлап жатыр.

4

Мерейлі мерекені тойлау аясында биыл екінші рет «Aksai trail run» Aqbulaq ultra-2022 ашық жүгіру марафоны өтті. Спорттық шара жазық далада немесе стадионда емес, "Алғабас" тауының бөктерінде өткізілді. Осылайша желаяқтар кедергі мен қиындыққа қарамай, ұзақтығы әрқилы үш түрлі қашықтықта сынға түсті. Ашық аудандық марафонға еліміздің өзге облыстарынан да спортшылар қатысты. Бұл жолғы ұйымдастырылған марафон биік төбенің бөктерінде өтуімен көпшілікті қызықтырды. Желаяқтарға жер бедері де, жел де, нөсерлеп жауған жаңбыр да тосқауыл болмаған сыңайлы. Өйткені шара Алматы, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Орал қалаларымен қатар Сырым, Теректі, Шыңғырлау, Ақжайық, Бөрлі аудандарынан барлығы 100-ден аса әуесқой спортшыларды жинады. Дәстүрлі марафон Бөрлі ауданының әкімдігінің қолдауымен, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, «Ақсай» спорт кешені және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жоғары дәрежеде өткізілді.

IMG-20220926-WA0054

Шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндыков, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исатай Қарабаевтар және жарыстың ұйымдастырушысы Руслан Мұқамбетқалиевтар қатысты.

Құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген спортшыларға алғысын жеткізді.

- Қадірменді спортшылар, аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың және барша әріптестерімнің атынан бүгінгі марафонның ашылу салтанатымен құттықтаймын. Осы жарысқа келіп, өздеріңіздің спортқа деген қызығушылықтарыңызды дамытып, ауданымызда екінші мәрте ұйымдастырып жатқан марафонға қолдау білдіріп жатқандарыңызға рахмет. Барлықтарыңызға сәттілік тілейміз. Ерік-жігерлеріңіз мұқалмай осындай табиғаттың жаңбырлы күніне қарамай спортпен айналысып, үлкен жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін, - деді ол өз құттықтауында.

IMG-20220926-WA0051

Салтанатты шарада «Uralsk Runners» жүгірушілер клубының командасы мен Ақбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының ұжымы Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановтың алғысхатымен марапатталды.

- Бұл марафон осымен екінші рет өтіп жатыр. Бұл идея «UralskRunners» командасына тектен-тек келген жоқ. Бұл облысымыздағы жүгіру спортын, салауатты өмір салтын дамыту бағытында жұмыс жасап жатқан команда. Жүгіру бізге ұнайды. Менің ойымша, біз дұрыс жолдамыз. Ақбұлақ марафоны тек жүгіру спортын дамытып қана қоймай, облысымыздағы тарихи жерлерді жұртшылыққа таныту болды. Қарапайым Ақсай қаласының тұрғыны мұндай таулар, мұндай тарихи жерлер бар екендігін білмеуі мүмкін. Бұл жер облысымыздағы екінші ең биік нүкте болып саналады. Мұнда спортты сүйген жандар 3-4 күн бұрын келіп, шатырлы қалашықта, туристтік саяхатты сезіну үшін келді. Келесі жылы бұл жерге бұданда көп қатысушыларды алып келгіміз келеді. Тіпті шетелдерден спортшыларды шақыру ойда бар. Сөйтіп қатысушылар санын 200-ге жеткізгіміз келеді. Сөйте тұра біз көпшілікті спортқа шақырамыз.

Шараның басты мақсаты – ел тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, достық пен бірлікті нығайту және бұқаралық спорттың рухани әлеуетін арттыру болып табылады. Марафонда өзінің мүмкіндігін жаңадан сынап көрушілерді 200 метр және 7-8 шақырым жарыс жолы күтіп тұрды. Ал ең ұзақ қашықтық 23-26 шақырымды құрады.

- Өзім туризм саласында жұмыс жасаған соң, тау-таспен жүгіру маған қиыншылыққа соққан жоқ. Жаңа 29 шақырымда 2 сағат 17 минутта бағындырдым. Өткен жылы бұл жарысқа қатыса алмай, Алматы бөктеріндегі үлкен жарысқа барған болатынбыз. Биыл үлкен мүмкіндік туып, өзіміздің облысымыздың тарихи жерімен танысып жатырмыз. Бүгінгі жарыста бірінші келдім. Әр жарыс өзінше қиын. Күн жел, тауға көтерілу кішкене қолайсыздықтар туғызды. Қиындыққа қарамай, осы жарысқа тыңғылықты дайындалғаннан кейін керемет әсер алдық. Барша жандарға спортпен шұғылданыңыз, өздеріңізге сеніңіз, сонда барлығы да мүмкін дегім келеді, - дейді ең ұзақ қашықтықта алдына жан салмаған казталовтық желаяқ спортшы Баубек Ілиясов.

Марафонға ересектермен қатар, оқушыларда қатысты.

- Жүгіру спортына қатысып жүргеніме 5 айдың көлемі болды. Дегенмен бұған дейінде көп жарыстарға қатыстым. Балалар марафонына, Алматыдағы үлкен марафондарда, ауданаралық жарыстарда үнемі қатысып келемін. Бүгінде өз дайындығымның арқасында екінші орынды бағындырым. Табиғаттың әсемдігіне көз тоймайды. Осындай әсемдікті спортпен ұштастырып жатқан ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Өзім еліме жүлдесіз кетіп бара жатқан жоқын. 200 метр қашықтықта жүлделі екінші орын алдым. Алдағы жылдары тағы келіп, жеңісті бағындырамын деп сенемін, - дейді 14 жасар қатысушы Даниял Ғилым.

Әуесқой спортшылардың көңілін көтеріп, спортқа деген қызығушылығын арттыра түскен шара алдағы жылдары да өткізіледі, - дейді ұйымдастырушылар.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале