19.01.2022, 17:15
Оқылды: 65

Желіге желігудің кесірі

Елімізде орын алған қаралы оқиға көптің есінде қалары сөзсіз. Әрине, мұндай жағдайды адам досы түгілі жауына да тілемесі анық. Шын туайтына келгенде орын алған жағдайлар тек бір адамның емес, ел ішінде ылаң салуға ниеттілердің ортақ тілегінің арқасында орын алған секілді. Ортақ ниеттілерге ортақ дүние-интернет, әлеуметтік желі һәм сауатсыздық болса керек.

16

Әлеужелідегі әлеумет

Аса көрнекті ағартушы, «Қазақ хрестоматиясының» авторы Ыбырай Алтынсарин атамыз «Айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызды» демекші, бүгінгі таңда алыс жерден лезде хабар алғызу әсте қиын дүние емес. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді бір жағынан ақпаратқа тез қол жеткізу мүмкіндігін сыйласа, екінші жағынан арандатудың құралы болып отыр ма деп қаласың.
Бұл тек біздің жеке ойымыз ғана емес. Әдетте, желі негативке толы. Осылай емін-еркін «сырттан» сөйлеуге болады ма? деген сауалымызға,
-Заманның өзгергені сонша, қазір кез келген адам өзіне лайық платформаға, оқырманға, көрерменге, тыңдарманға ие. Яғни  пікір білдіру үшін бұрынғыдай газет-журналға хат жазудың, радиоға телефон соғудың тіпті қажеті жоқ. Әлеуметтік желіге әдемі суретіңді сал да, астына көлдей ғып пост жаза бер. Лайк жина. Міне, осы еркіндікті әркім әлі жеткенше, ақылы жеткенше пайдаланып жатыр. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ болғасын да олар еркін. Аузына не келсе, соны жаза салып отыратындар бар. Оны қолдап, лайк баса кететіндер қаншама?! Міне, осылай аудитория жинап алған соң, әлгі адам өзін жаңалық пен ақпараттың қайнар көзі сезініп кетеді. Айғайға аттан қосады, бүйірден кіріседі, бір кезде өзі де мүлде өтірік бір-екі деталь қосып жатқанын сезбей қалады. Сол өтірігіне үймелеушілер көп екенін көргесін, тіпті арқаланады. Ақпарат беруші енді адам тағдырына араласа бастайды. Арыс пен Жамбыл облысындағы жарылыс кезінде, қазіргі пандемия жағдайында талай «бұлбұлдың» бағы гүлдегені де сондықтан. Өкінішке қарай, халық негізгі ақпаратты ресми сайттардан емес, WhatsApp желісі арқылы алатындықтан, бәріне сенеді,- дейді белгілі жазушы, журналист, республикалық «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы (суретте).

13

Фейкньюс (fakenews) немесе жалған ақпардың құрбаны болмайық!

Елдегі дүмпу кезінде тек бір ғана WhatsApp арқылы ақпараттар тарады дей алмаймыз.
Ақпараттардың таралу көздері тек  қарапайым қалың бұқара ғана емес, блогерлер де, еліміздің өзге де «жанашырлары» болғаны анық.
Әрине, еліміздің әр азаматы «азаматтық пікірін» білдіргісі келеді-ақ, бірақ, аузым бар екен, тілім бар екен деп нақты дәлелі жоқ дүниелерге қалай сенуге болады.
Ал, енді осы жалған ақпаратпен және ақпарат таратушылармен қалай күресуіміз керек?
Қоғамдағы газет-журнал, кітап оқымау – желіге желігудің басты негізі болып саналады. Фейкньюспен күресу үшін алдымен сауаттылық маңызды. Кез келген көзге шалынған ақпардың бәрі шындыққа жанаса бермейтінін естен шығармау керек.
Жалған ақпаратқа ілесіп немесе анық-қанығына көз жеткізіп алмай оны өзгелерге таратудың орнына сенімді ақпарат көздеріне сүйеніп, жан-жақты зерттеп, ресми жаңалықтарға құлақасып  алып мәселенің байыбына барған дұрыс.
Қоғамның дерті болып тұрған жалған жаңалықтар мен алдамшы ақпараттар жөнінде Нұрлыбек Рахмановтың да (суретте) ойын білдік.

15
-Елді «әлеуметтік желі» билеп кетті деп айта алмаймын. Бірақ, халықтың бәрі әлеужеліден ақпарат күтіп, телміріп отырғаны рас. Оның да өзіндік себептері бар. Елімізде цензура болғандықтан ақпарат БАҚ беттеріне мемлекет тарапынан елеп-екшеп шыққасын көп дүние БАҚ беттеріне басылмай қалып жатады. Сондықтан, халық бар жаңалықты әлеужеліден күтеді. «Соцсетьттерде» әр адам өз алдына ақпарат таратушы. Оның ішінде де жалғаны да бар, шынайы ақпараттар бар. Ол ақпараттарды қалай пайдалану, ой сүзгісінен өткізу,сену әркімнің жеке мәселесі. Ендігі кезекте елімізде орын алған жағдайларға байланысты әлеуметтік желілердің атқарған рөліне тоқталайын. Тек WhatsApp, Instagram желілері ғана емес, жалпылама ғаламтордың қоғамда орын алып жатырған өзгерістерге тек Қазақ елі емес, әлемде болып жатырған адамдардың арасындағы өзгерістерге ғаламтордың тікелей әсері бар. Себебі, адамдар үйден шықпай-ақ әлемнің әр түкпірінде болып жатырған жаңалықтарды оқып, біліп, санасынан өткізу арқылы көзқарасы, дүниетанымы өзгеріп жатыр. Оған біз тоқтау бола алмаймыз. Әлеуметтік желіден халқын шектеп отырған саусақпен санарлық қана Түркменстан, Солтүстік Корея, Қытай секілді елдер бар. Солар ғана халықтың санасын ғаламтормен уламай ұстап отырған шығар. Ол бір жағынан дұрыс шығар, бір жағынан оны әлем ешқашан құптамайды. Олай дейтініміз, диктатура орнатып, сөз бостандығынан айырылғандығына әкеліп соғып отыр.
Шектеу болмаған жерде әр адам ақпаратты алуға құқылы. Ақпаратты қалай алуына келсек, ол үлкен мәселе. Фейкньюсті яғни жалған ақпаратты шындықтан ажырата білу қарапайым қолданушыларға оңай емес. Бірақ, ең қарапайым ережелерді ескеру керек. Ең бастысы, дереккөздерге аса мән беру. Қандай дереккөздерден тарап тұрғаны маңызды. Егер, сайт болса қазақстандық доменмен тіркелсе белгілі бір дәрежеде сенуге болады, себебі тіркелген БАҚ болса әр сөзіне жауап береді. Одан басқа бір күндік жалған сайттарға сенуге болмайды. Олар түрлі жарнама арқылы қаралым жинауға арналған сайттар, халық соларға сеніп қалып жатады.
Антитеррор операцясы кезінде, интернет бір қосылып, бір істен шығып тұрды. Ғаламторды шектеу де Үкіметтің қолға алған шараларының бірі. Ең үлкен фейктер тоқталсақ, ол «Үлкен қалаларда құбырмен келіп тұрған ауыз суға у қосылды» деген ақпарат. Бұл да бір террорлық фейк десе болады. Тағы бір көлемді фейк «Әлеуметтік желіде мессенджерлер арқылы жазған жазбалар оқылады, барлық қоңыраулар тыңдалады» деген ақпарат. Оны Ұлттық Қауіпсіздік қызметі жоққа шығарды. Одан басқа Алматы шаһарында көп тараған «Әскери зертхананы белгісіз біреулер басып алды», «Алматыдағы тәртіпсіздіктерді полиция болып киінген адамдар тонап жатыр», «Нұр-Сұлтан қаласына 2000 талиб бара жатыр» деген секілді фейкньюстар халықты үрейлендіру үшін таратылған ақпараттар. Әлеуметтік желі беттерінде фейкпен күрестің алуан түрлі тәсілдері бар. Оны ажыратудың да әдістері жетерлік. Осы мәселені қолға алған журналистер фактчекингпен (faktcheking) айналысатын фактчекер мамандары да бар. Бұлар «ақпараттық соғыстағы» үлкен бір сала болып қалыптасып келе жатыр. Әрі қарай да мұнымен тоқталып қалмасы сөзсіз. Ақпараттық технологиялар да, сайттар да дами береді. Соған орай интернет алаяқтармен күресті тоқтату қиын. Оның бірден бір амалы заңды, жауапкершілікті күшейту. Жалған ақпараттарды жазып, бастамашы болған адамдарды қатаң жазалау керек деп ойлаймын. Себебі, бұл үлкен манипуляция. Фейк жаңалықтардың көбі мессенджерлер арқылы таралады. Алайда, тағы бір ескеретін жайт, жалған ақпарат таратқандардың бәрі арандатушы емес. Егер, жіберген адам өзі сеніп тұрса, өзінің жаны ашитын тума-туысына, жанашыр адамдарға жібереді. Яғни бұл білместікпен, айналаға жанашырлықпен таралатын дүние деп есептеймін. Себебі, әлеужелілерде ақпарат таратқандардың көбісі арандатушы емес, арандап қалушы адамдар, құрбандар болмақ. Ал енді сол дүниелердің жалған екенін біле тұра, жазып, таратып отырған адамдардың ниеті жаман болса, ол қылмыстық іс болып табылады. Әсіресе, елде дүрбелең болып жатырған кезде, ондай ақпараттарды тарату Отанға, елге сатқындық жасаумен пара-пар,-дейді Sarapshy.info ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрлыбек мырза.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынша айтар болсақ, «Арам ойын іске асыру үшін, халықты қалқан қылып сөйлейтіндер, түбінде сол елді жаудың найзасына түйретіп тынады».
Рас, қолымыздағы ұялы телефонымыздың мессенджерлеріне келген әр ақпараттың дұрыстығына көз жеткізіп, байыбына бару аса маңызды. Себебі, түбінде ойланбай сөйлеген ойымызға, аңдаусыз шыққан сөзіміз өзімізге жұдырық болып тимесіне кім кепіл?!

Сөз соңында
Заманымыздың заңғар жазушысы, кенен ойлы кемеңгер Әбіш Кекілбаев айтқандай «Ең алдымен ел абыройын ойламай, ешкім де жағдайын түзей алмайды. Бүгінгі отаншылдық - төзім, бүгінгі ерлік - сабыр, бүгінгі елдік - тыныштық. Қазіргі адал ниетті отандастарымыздың бір-біріне жасай алатын содан басқа жақсылығы жоқ. Сонда ғана ортақ шаруамыз оңалып кете алады»,-деген екен. Мұнымен айтпағымыз, қолымыздағы тыныштықты, бейбітшілікті мызғымас бірлігімізді елімізге күн туғанда сақтай білуіміз аса маңызды.
Әрине, ет-жақындарымызға жанымыз ашу, оларды зияннан сақтандыру жақсы іс. Алайда, орынсыз жазылған жалған ақпараттардың көмегіне сүйенудің соңы өкіндіру әбден мүмкін. Түптеп келгенде, сіз бен бізден көріп үлгі алып өсетін ұрпақты жақсы сөйлеуге үйретіп, жақсы дағдыларды сіңіріп, білімді, көзі ашық тұлғаларға айналдыру елдің болашағы үшін үлкен жетістік боларын естен шығармайық. Абзалында, желілерге желікпей, сенімді ақпарат көздері, газет-журнал мен танымдық әрі ресми сайттардан ақпарат алуды әдетке айналдырайық, оқырман! Елдің амандығы бәрінен маңызды.

Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Фотосурет massaget.kz сайтынан алынған


 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале