13.07.2022, 16:45
Оқылды: 75

Желтоқсан құрбанына Құран бағыштады

Ақжайық ауданына Батыс Қазақстан облыстық «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі төрайымы Гүлзира Мақсотова бастаған бір топ делегация мүшелері келді.

B80E789F-F9BC-4EE8-96FF-A8EF7CEA545A

 Сапардың басты себебі – жерлесіміз, Қабыл ауылының тумасы, 1986 жылғы Желтоқсан құрбаны Гүлзада Нәбиқызы Хәлелованың бейітінің басында болып, марқұмның аруағына Құран бағыштау.

Гүлзада Халелова 1969 жылы Лбішін ауылында дүниеге келіп, 1984 жылы осындағы сегізжылдық мектепті бітірген. Алматыдағы кинотехникумға оқуға  түсіп, сонда оқып жүргенде, Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Сонда басына соққы тиіп, соның салдарынан 1987 жылдың ақпан айында, небары 18 жасында қайтыс болды. Сүйегі туған жері Ақжол ауылдық округіне қарасты Қабыл ауылына әкеліп, жерленді. Әлі күнге есімі сол кезде жамалған жаманаттан ақталмай келеді.

6CF364F9-329E-4FD7-A947-E5FDED4E3949

Меймандар алдымен аудан орталығындағы Жұбан орталығына ат басын тіреді. Ақынның ескерткішіне гүлшоқтарын қойып, орталықтың жұмысымен танысты. «Желтоқсан оқиғасы күллі қазақтың мақтанышы, ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың есімімен қатар айтылады. Сондықтан ардақты азаматымыздың рухына тағзым етіп, оның құрметіне жерлестері тұрғызған орталықпен танысып кетуді жөн көрдік. Құрбан айтта әрқайсымыз бүгінімізге шүкіршілік етіп, өткенімізге салауат айтуымыз керек. Сондықтан жазықсыз құрбан болған тағдырласымыз Гүлзаданы да еске алуға келдік», – деді Г.Мақсотова.

Сонымен қатар осында делегаттардан бөлек, Желтоқсан оқиғасына қатысқан ақжайықтық жерлестер де болды. Олар Мәлік Мұқанов, Гүлнәр Иманғалиева, Жеңіс Қаюпов, Темірбек Жұмағалиев, Асхат Тілеулин, Мәлік Мұхтар, Жасұлан Ғалым және тағы басқалары бар. Делегация өкілдері қоғамдық бірлестікке мүше 60 азаматтың осы шараның өтуіне қолдау көрсеткенін де атап өтті.

Шарада қыршынынан қиылған Гүлзада Халелованың қысқа ғұмырын жан-жақты зерделеп, ақталуына бар күш-жігерін салып жүрген тарих пәнінің мұғалімі Алдаберген Сәрсеков болып, кеңестік шовинизмнің құрбаны болған бойжеткеннің ғұмыры, желтоқсанның ызғарлы күндерінде көрген азабы туралы баяндап, тәуелсіздіктің таңы атса да, нағыз батырдың есімі әлі де ақталмай келе жатқанын жеткізді.

Осыдан кейін желтоқсаншылар Қабыл ауылына жол жүрді. Мұнда  оларды Гүлзада Нәбиқызының ағайын-туыстары, яғни Мағауия, Зурә, Зәуреш, Аян, Айболат, Баян қарсы алып, марқұмның бейіті басында апарды. Ғұмыры қысқа болған жерлесіміздің рухына дұға оқылды.

Тәуелсіздігіміз жолында қаншама жазықсыз жан жапа шекті. Солардың соңғысы – кешегі 1986 жылы желтоқсанда болған қанды оқиғада кеңестік империализмнің шоқпарын сілтегендердің қолынан азап көргендер. Сол кезде жазықсыз опат болған жандарды әсте ұмытуға болмайды. Сондықтан алдыңғы буын келер ұрпақтың бүгінгі шуақты күнге жетуі үшін қандай қиындықтарды бастан өткергенін естен шығармауы тиіс.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале