3.09.2020, 16:08
Оқылды: 85

  Жемқорлықпен күрес тоқтамайды

БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ұйымдастырған «Antikor live» жобасының тікелей эфиріне Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәметпен инстаграм желісі арқылы тікелей эфирде сұхбат жүргізген аудан басшысы «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңселерімен атқарылған жұмыстар жайын баяндады.

Antikorr (1)

Шара басында Марат Лұқпанұлы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауында көрсетілген тапсырмасын нақты жүзеге асыру аясында облысымызда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Ақжайық – адалдық алаңы" жобалық кеңсесі іске қосылғанын, аталған жоба бойынша тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағыттары бойынша жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

Марат Тоқжановтың айтуынша, бүгінде ауданға қарасты барлық 22 ауылдық округте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» тақырыбында баннерлер ілініп, мектептерде оқушыларды ашық сана, адалдық, әділдікке тәрбиелеу мақсатында «Адалдық» дүкендері ашылған. Сондай-ақ биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің ұсынысымен «Adal komek» жобасы да іске қосылған. Аудандық «Ақжайық - адалдық алаңы» кеңсесі жоба аясында бөлім, мекемелердің бірінші басшылары тікелей эфир арқылы халыққа атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап, сұрақтарына жауап беруді бір жолға қойған. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табады екен. Сонымен қатар қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі күшін біріктіру мақсатында «Пара берме» челленджі қолға алыныпты.

-Бүгінде аудан мектептерінде «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» сынды клубтардың жұмысы жолға қойылып, жастарды мектеп қабырғасынан жемқорлыққа бой алдырмауға тәрбиелеу жұмыстары жүргізілуде. Әр мектеп директорының кабинеттері де бақылауға алынды. Егер мектеп басшысының жұмыс бөлмесі белгіленген талаптан үлкен болса, оны босатып, шағын кабинетке көшу туралы ұсыныстар берілді. Сондай-ақ мектеп басшысының кабинетін келушілерге қолжетімді болуы да ұдайы бақылауға алынды. Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде барлық білім ордаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта тәрбие сағаттары ұйымдастырылды.

Жоба аясында мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы билбордтар, мекеменің қабылдау бөлмесінде баннерлер, ақпараттық стендтер жаңартылып, қызметкерлер туралы ақпараттар орнатылды. Қазіргі жағдайға орай онлайн ұйымдастырылған жиындарда басшылар, әкімдер мен қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу туралы қатаң тапсырма берілуде,– деді аудан әкімі Марат Тоқжанов.

Аудан жұртшылығы тамашалаған тікелей эфир барысында Дариян ауылының жастары округтегі көптен қордаланған қоғамдық стадионның қашан жөнделетіні жайында сұрақ қойды. Бұл мәселемен таныс екенін айтқан аудан басшысы биыл ауыл стадионын жөндеу мәселесі жол картасына енгенін айтты. Дегенмен аяқ астынан елді дүрліктірген індет аталған орынның жөндеуін кейінге қалдыруға мәжбүрлеген.

– Округтерді аралап жүргенімде Дарияндағы стадионның жағдайын өз көзіммен көрдім. Оны ретке келтіру үшін арнайы жобалық сметалық құжаттарын да дайындадық. Бірақ, бөлінген қаражатты басқа да маңызды жұмыстарға жұмсауға тура келді. Болашақта аталған округте тек стадионды жөндеп қана қоймаймыз. Дариянда жаңа заманғы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жайы да жоспарланып тұр, – деді аудан басшысы.

Лайв режиміндегі шараға Достық ауылының тұрғындары да қатысты. Аталған округ азаматтары ауыл көшелерін жарықтандыру керек деген мәселе көтерді.

– Достық ауылында тек көше жарықтандыру ғана емес, арнайы жаяу жүргіншілер жолын салу жайы да күн тәртібінде тұр. Бірақ бұлардан бұрын аумағы кеңіп, тұрғындар саны артқан Достық ауылының ең маңызды мәселесі - мектеп салу. Сондықтан бірінші кезекке ауылға мектеп тұрғызу мәселесін қоятын боламыз, – деді Марат Лұқпанұлы.

Шара барысында Нұрдәулет Сәмет өз тарапынан да сұрақтарын қойды. Оның ең бастысы аудан әкімдігі жанынан «Ашық әкімдік» кеңсесін ашу жайында болды. Бұл жайтпен таныс екенін жеткізген аудан басшысы аталған мәселені шешу жайын бірлесе қарастыруға дайын екенін айтты. Сондай-ақ Нұрдәулет Ілиясұлы өңір басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асатын «Адал көмек» жобасы бойынша аудандағы барлық мекемелер мен ұйым басшылары тікелей эфирге шығып, тұрғындарға өздерінің жұмысы жайында кең мағлұмат беруін қамтамасыз ету керектігін де айтты.

– «Адал көмек» жобасын іске асыру жайындағы мәселені жауапты мекеме басшылары қолына алды. Енді аталған жоба бойынша атқарылар жұмыс бір ізге түсетін болады, – деді аудан әкімі.

Қашықтан оқуға көшкен мектеп оқушыларына арнайы ноутбуктер бөлу жайы да тікелей эфир барысында көп айтылды. Аудан басшысы мұқтаж отбасы балаларына берілетін құрылғыларды бөлу барысында ешқандай мәселе болмағанын жеткізді. Десе де Нұрдәулет Сәмет болашақта аталған мәселе туындамас үшін ата-аналармен жұмысты тек әкімшілік қана емес, қоғам өкілдері де мықтап қадағалау керектігін қаперлерді.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жайын талқылаған эфир болған соң Нұрдәулет Ілиясұлы аудандағы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру барысында кей мекемелер бағаның әркелкілігіне жол бергенін атап өтті. Ондай жағдай орын алған болса, БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің тиісті хаты негізінде тексеріс жүргізіп, шара қолданатынын айтты аудан басшысы

– Жер мәселесі бүгінде қиын болып отыр. Әсіресе Бәйтерек ауданында жер алушылар мен пайдаланушылар арасында дау туады. Кейде жер комиссиясының төрағасы еңбек демалысына кеткенде орнына жаңа төраға сайламаған кездер де орын алған. Сондай-ақ жер комиссиясының отырыстары арнайы видеоға түсіріліп, әлеуметтік желілерге салынбайды. Сол жағын реттеу керек, – деді Н.Сәмет эфир барысында.

– Жер мәселесі ауданда күйіп тұрғанын жасырмаймын. Сіз айтқан олқылықтардың көзін жоятын боламыз. Қоғамдық жерлердің де, ауданға қатысты жерлердің де шекаралары белгіленді. Бүгінде жер комиссиясының төрағасы ауыстырылды. Жер бөлу барысында ешқандай заңсыздық орын алмайтын болады, – деді М.Тоқжанов.

Шара соңында Нұрдәулет Сәмет тікелей эфирге шығып, халықты толғандырған мәселелерге жауап бергені үшін аудан әкіміне ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Марат Лұқпанұлы елді толғандырған қандай да сұрақ болса, оған әрдайым жауап беруге дайын екенін жеткізді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале