19.05.2022, 17:52
Оқылды: 51

Жер тиімді және мақсатты пайдаланылуы тиіс

Жақында Шыңғырлау шаруалары бас қосқан жиын өтті. Мақсаты - ауыл шаруашылық жерлерін пайдаланбай немесе пайдаға жарата алмай, егін егіп, мал жая алмай отырған шаруашылықтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу болатын. Осы мәселеге орай жиынға облыс орталығынан арнайы келген БҚО жер ресурстарын басқару департаменті жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Тахир Нұрахметов және БҚО мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Серік Жарылғапов шыңғырлаулық шаруалармен кездесіп, оларды тыңдап, ақыл-кеңестерін берді.  

FA38FFA6-D6F3-4CBC-A3E6-27D41FC6904D

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дархан Абдрашитов жүргізіп отырды. Көптеген мәселелер ортаға салынған жиынға барлық ауылдық округтердің әкімдері, бас мамандары қатысып, өздерін мазалап жүрген сұрақтарына жауаптар алды.  

Еліміз бойынша 5 млн. гектар жер игерілмей жатыр, сондай-ақ мемлекет тарапына да қайтарылмаған. Баршамыз да естіп, біліп отырмыз, заман ағымы өзгеріп, жер пайдалану заңдылықтарына да өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. Сол себепті, жердің әр гектары адам пайдасына жарайтындай, өнім беретіндей болуы тиіс. Оған қоса экологиялық ахуал нашарлап, ауыл шаруашылық өнімдері жетімсіздігінің орын алу ықтималдығы тілге тиек болуда. Осыған орай осы басқосуда ауыл шаруашылығындағы барлық жерлердің тиімді пайдаланылуы, олардың бос жатпауы, халыққа қызмет етуі баса айтылды. Мәселе ауылдық жерлердегі танаптарды шаруадан тартып алу емес, керісінше, соны игеруге көмек ету десті келген өкілдер. Себебі бос жатқан жерлердің ендігі кезекте салығы да өседі, тіпті 20 есеге өседі десті. Ал заң бұзушылық орын алып, шаруа қара тізімге енгізілер болса, енді қайтып, жер бойынша конкурсқа түсе алмайды, оның өтініші қабылданбайтыны да ескертілді.  Шаруа ағайындардың да айтар уәждері көп. Мысалы, тек шыңғырлаудың өзін алсақ, көпшілігі мал өсіріп, оны көбейтумен айналысуда. Ал жыл өткен сайын мал басы көбейіп, оны бағатын жайылым саны күрт азайып отыр, осыдан кейін, әрине, талай сұрақ туындайды. Егінге алынған жерлердің енді мал жайылымдарына қайтарылып, трансформация жасауға болмас па екен десті. Әрине, оған Үкімет тарапынан, жерге орналастыру органдарынан, жергілікті басшылықтан да ықпал, көмек, қаражат та керек. Осы ойын ашық айтқан Ақшат ауылынан келген Қанат Құсмағанбетов, Оразбай Усманғалиевтің, Ислямғали Арыстановтың айтары да осы мәселе жөнінде болды. Сонау Кеңес үкіметі кезінде берілген жердің бал-боннитеті сол күйі сақталып тұр, ол тек құжат бойынша ғана дұрыс, ал жер жыл өткен сайын ескіреді, өзгереді. Демек, оның құнарлылығы мен сапасы да өзгереді, демек бал-боннитетін де ауыстырып отыру керек емес пе дейді шаруалар.

674CD417-DBAB-4E27-9AF9-ED3BAD7A7BD2

Ащысай және Ақтау ауылдық округтерінің шаруалары да сөз алып, өз ойларын айтты. Жиынды қорытындылаған Дархан Ережепұлы барлық сұрақтармен айналысып жатқандығын, сондай-ақ жер туралы өткізілмек конкурстардың хабарландырулары жергілікті газет беттерінде шығып отырғандығын, оны тек уақтылы қадағалап, біліп, қатысу шарт екендігін тағы да естеріне салды.

 А.Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале