30.05.2022, 12:45
Оқылды: 65

Жерлестері Мадиярды еске алды

Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылдық округінде жастар саясатына өлшеусіз үлес қосқан Мадияр Құттыбаевты еске алуға арналған турнир өтті.
5

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнирге Қаракөл ауылдық округінің әкімі Эльдар Амантаев, ауыл тұрғындары мен қонақтары, Мадиярмен бірге жұмыстас болған әріптестері, достары және ата-анасы, тума-туыстары арнайы қатысты.

Шараның ашылу салтанатына жиналған әлеумет Мадияр Дастанұлын үнсіздікпен еске алып, рухына Құран бағыштады.

6

Аталмыш шара аясында сөз сөйлеген округ әкімі Эльдар Ниязбекұлы көзі тірісінде ауданның жастар саясатында өзіндік із қалдырған жастар жанашырының еселі еңбегі елеулі екендігін айта келе, өмірден ерте озған замандасының өнегелі ісі осылай жас буынға насихатталатындығын жеткізді.

Тебіреніске толы шарада сөз сөйлеген ата-анасы баласының рухын құрметтеп, осындай маңызы зор шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға әкелік, аналық ризашылықтарын білдірді. Мадиярмен тай құлындай бірге өскен достары өмірдегі жақсылықтарын еске алса, әріптесі болған Мейірбек Бисенғалиев те Мадиярдың жастар саясатына сіңірген еңбегі көп болғандығын, үлкен армандары болғанын айтып өтті.

4

Өмірін ғибратпен өрнектеген Мадияр Құттыбаевты еске алуға арналған турнирде қазақтың ұлттық ойыны жаппай көкпар, тай жарыс, аударыспақ, арқан тартыс, қой көтеру, жаяу жүгіру секілді спорт түрлерінен сайыс өткізілді.

7

Сайысқа қатысушы жеңімпаздарға қомақты қаражаттар табысталды. Атап айтсақ тай жарысында Қадірбек Ақбасовтың «Қараторғай» атты тайы мәре сызығын бірінші болып қиды. Қой көтеруде 56 мәрте қой көтерген Дәурен Сайлауұлы жеңімпаз атанса, аударыспақта Ақжайық ауданынан келген Қайнар палуанның бағы жанды. Жаппай көкпардың жүлде қоры 150 мың теңгені құрады. Тақымы мықты жігіттер салым салып, ақшалай марапатталды. Жаяу жүгіру жарысында қатар келген төрт жігітке ақшалай сыйлық табысталды. Арқан тартысында ерлерден «Шоқан» командасы, әйелдер арасында «Әуезов» командасы жеңіске жетті.

Әмірбек Жәнібеков,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале