2.12.2022, 12:15
Оқылды: 63

Жертөледен шыққан чемпиондар

Спорт десе жанын салатын жандар көп арамызда. Бірақ кейбірі белгілі себептермен спорттан қол үзіп қалса, енді бірі ата-ананың қалауымен басқа салаға кеткен жандар. Бірақ олардың жүрек түкпірінде сағыныш пен әттеген-айдың бары анық. Ал кейбірі бұл саланы өмірінің мәніне айналдырып, еңбектің нанын тауып жүр. Ендеше, Теректі ауданында еңбек етіп, жас та болса жеткіншектері арқылы жетістікке жетіп жүрген Айдын Сүлеймановты таныстырғымыз келіп отыр.

IMG-20221202-WA0019

Айдын Сүлейманов - 1995 жылы Шыңғырлау ауданында туған. 2008 жылы Теректі ауданына қарасты Жайық ауылына қоныс аударған. Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғарғы педагогикалық колледжінен  дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын алып шыққан.

Жас та болса бас боп жүрген жас жаттықтырушымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз!

– Қайырлы күн, Айдын Нұрланұлы. Сізді көптен бері көріп, жетістіктеріңізге қанық боп жүргенімізбен, тілдесудің сәті бүгінге түсіп тұр екен. Сізді мықты спортшы ретінде білеміз. Жаттықтырушы ретінде өзіңізді таныстырыңызшы,  шәкірт дайындау оңай ма?

– 2017 жылдан бастап Теректі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жұмыс жасаймын. Өзімде спортпен айналысып жүргеніммен, бүгінде шәкірт тәрбиелеуді қолға алдым.  Шәкірт даярлау үлкен жауапкершілік.

IMG-20221202-WA0021

Қазіргі уақытта Жайық ауылында жиырмадан астам шәкірттерім бар. Балаларды 5 жастан 16 жасқа дейін қабылдаймын, дегенмен ересектер де келіп жатады. Сондықтан жас шектемей, үйретуге тырысамын. Сондай-ақ ата-аналардың ұсынысымен Долин ауылдық округінде жұмасына үш рет ақылы түрде жаттығу өткіземін. Ол ауылда да жанып тұрған 24 шәкіртім бар.

– Шәкірт жетістігі – ұстаз абыройы. Жеңіске жету үшін дайындық қаншалықты маңызды? Бабына қарағанда бағы жанып кететін сәттер жас палуандарға қалай әсер етеді?

– Дайындықсыз жеңіске жетуге болмайды. Кейбіреулердің бағы жанып жеңіске жетіп жатады, бірақ ылғи олай бола бермейді. Иә, мен мықты екенмін ғой деген ой қалыптасып кетуі мүмкін. Бірақ тәжірибенің болмауы мен қорғана алмау  жеңіліске әкеледі.

Жайық ауылында жаттығу күн сайын өтеді. Оларды қатарға қабылдаған кезде дайындықтан қалмайтын болсаңыздар жарыстан да қалмайсыздар, жеңіс те сіздердікі деп ескерткен болатынмын. Содан бері палуандарым ауа-райы қандай болса да жаттығудан қалмайды. Күннің бораны да, жауын-шашында бізге кедергі емес.

– Сіздің де шаршы топта ойнақ салып, талай сайыстардан жүлдегер боп жүргеніңізді білеміз. Өзіңіз күрескеннен гөрі, шәкірттеріңіздің додасын қарағанда қандай әсерде боласыз?

– «Баласы атқа шапса, үйінде анасы тақым қысып отырады»  демекші жарыс барысында қобалжитыным рас. Негізі шәкірттерімді додаға қосып, қалай болар екен деп уайымдап отырған сәтте өзім шығып күрескім келіп кетеді.

Жалпы грек-рим күресінің жаттықтырушысымын. Күрес – үлкен дайындықты талап етеді. Бірақ шәкірт дайындап жүрген кезде өзіме уақыт болмай қалып жатады. Өзім күресіп, өзім дайындалар болсам балалар қалып қояды. Сондықтан балалармен жұмысты бірінші орынға қоямын.

– Жеңіс бар жерде жеңіліс бар демекші, спорт бар жерде  жарақат та қатар жүреді. Сондай сәттерде ата-ана тарапынан балаға қысым келтіретін жәйттар орын алған кездер болды ма?

– Әрине, ешқандай спорт жарақатсыз болмайды. Жарыс кезінде немесе жаттығу барысында ондай оқиғалар кездеседі. Сондай кезде ата-аналар тарапынан қарсылықтар болып жатады.

Баланың талабы болса ештеңеге қарамай келеді. Сондай бір оқушым болған, анасының жаттығуға жібермегені үшін ренжіп,  үйден қашып кетіп, бәріміз жабылып іздеп тауып алғанбыз. Сол кезде анасы түсінді, баласының спортты жан тәнімен сүйетінін, содан кейін қарсылығын қойды. Ол балалар күрестің жаңкүйері, қол үзіп қалмай үшін бәріне даяр. Ондай жастардан чемпиондар шығатыны анық.

– Сіздер жаттығып отырған жер – жертөле екен. Бұл қалай болғаны?  Яғни, ауданымызда жертөледен де чемпиондар шығып жатыр ма? Тінін тарқатсаңыз..

– Иә, ол жайлы бұрынырақ та айтқан болатынмын. Жайық ауылындағы білім ордасының жертөлесінде балғындар күреспен айналысты, әлі де айналысып келеміз. Жертөленің жағдайы осы кезге дейін мәз емес болған. Бірінші жылдары ол жерде жаттығу қиын болды. Шаң басып тұратын. Содан ішін ретке келтіріп  төсемшелер төсеп, ретке келтірдік. Спортқа деген құлшынысы бар балалар қолда бармен жаттығып, тіпті түрлі деңгейдегі жарыстардан жүлделі орын алып келіп жүрді.

Бақытжан Сабыржанұлымен бірге спортпен айналысып, жақсы араласып жүрдік. Ол өз кәсібін дөңгелеткенмен байланысымыз үзілмеді. Бір күні жас палуандарға қандай көмек көрсете алам деді. Қапелімде ойға ештеңе түсе қоймады. Уақыт өткен соң залдың жағдайын көріп,  бағамдап, мен Бақытжанға хабарласқам. Ол мектептің жертөлесінде орналасқан шағын залды жөндеуден өткізіп беруге, қажетті дүниелермен жабдықтауға келісті. Қазір балалар жаттығатын зал адам танымастай өзгерді. «Берсең балаға бер» дейді ғой қазақ. Балаларға жасаған қамқорлығы үшін Бақытжан Сабыржанұлына алғысым шексіз.

– Кең залда, емін-еркін жаттыққанға не жетсін! Дегенмен, жертөледе жаттыға жүріп-ақ  шәкірттеріңіз өз мықтылығын мойындатуда. Аудан жұртын елең еткізерлік соңғы жаңалығынызбен бөліссеңіз...

– Иә, оныңыз рас. Спортпен айналысам деген адамға ештеңе кедергі емес екенін мен түсіндім. Оларға тек үйрету керек, бағыт-бағдар беріп жіберуіміз қажет.

IMG-20221202-WA0020

Соңғы жарысымызда қанжығамыз майланды. Бөрлі ауданына қарасты Пугачев ауылында ұйымдастырылған  еркін күресте Тасқала, Шыңғырлау, Ақсай, Бөрлі аудандарынан жүз жетпіске жуық спортшы қатысты. Балалар жылына орай ұйымдастырылған сайысқа жиырма екі бала дайындап алып бардым. Спортшыларым үмітті ақтап  17 медалді қоржынға салды.

Одан бөлек Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының шешімімен бес балам спорт шеберлігіне кандидат болды. Олар Әділет Қазиев, Миралы Аронов, Аян Аронов, Алмас Болатов және долиндік Виктор Мурашкинцов. Бұл да үлкен жетістік.Біз тек грек-рим күресінен ғана емес жекпе-жек, дзюдо бойынша да жарыстарға қатысамыз. Данияр Русланұлы деген шәкіртім осы жарыс түрінен облыс чемпионы атанды.

– Өз маңсабынан бала тәрбиесін биік қойғаныңыз үшін, сізге алғысымызды білдіреміз!

– Рақмет!

Сұхбаттасқан Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале