12.09.2022, 18:44
Оқылды: 11

Жеті айдың қорытындысы баяндалды

Бөрлі аудандық мәслихаттың кезекті XXII сессиясы мәслихат хатшысы Қ.Ермекбаевтың төрағалығымен өткізілді.

сессия

Сессия отырысына аудан әкімі Е.Ихсанов, аудан әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімінің аппарат басшысы, бөлім басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері, бұқаралық округ әкімдері қатысты. Сессияның күн тәртібі бойынша аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов «аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебін» берді. Яғни 2022 жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзектi мәселелерi, халықтың әл-ауқатын одан әрi арттыруға бағытталған жоспарлар және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысы туралы баяндады.

Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша аудандық бюджет 12,0 млрд теңгені құраған. Оның ішінде, даму бюджеті 5,3 млрд теңге, ағымдағы бюджет көлемі 6,7 млрд. теңгені құрап, бюджет игерілуі 99% орындалғаны қуантады.

7 айдағы бюджет кірісінің жоспары 4,6 млрд теңгені құрап, 5,0 млрд. теңгеге немесе 108,7 % орындалған.

Ауданның салық төлеушілерімен жыл басынан бері бюджетке 160,2 млрд. теңге салықтық және салықтық емес төлемдер төленді. Оның ішінде: республикалық бюджетке 124,8 млрдтеңге, облыстық бюджетке 30,4 млрд теңге және аудандық бюджетке 5,0 млрд. теңге.

2022 жылға жоғары тұрған бюджеттерден бөлінген трансферттер мен кредиттердің сомасы 7,0 млрд. теңгені құрап, тиісті жобаларға бағытталған.

Бүгінгі таңда 140-қа жуық көпбалалы жанұя үйге кезекте тұрса, 10 шағынаудандағы №19 тұрғын үйден көпбалалы жанұяға 50 пәтердің және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 40 жалдамалы пәтердің кілттері табысталған.

"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында, жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған Отбасы Банкінің салымшылары үшін 10 шағынауданда 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысы осы жылдың 4-ші тоқсанында аяқталып, 198 пәтер қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында екі 9 қабатты 126 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Үйді қолданысқа беру 2023 жылы жоспарланған. Жоба құны 2,9 млрд. теңге.

Сондай ақ баяндамада Аралтал шағынауданында жоспарланған 1200 жер телімінің 800-ден астамы кезекте тұрған тиісті тұрғындарға беріліп үлгергені, Ақсай қаласы «Жилой Массив-2» ПДП-сы 1186 жер учаскесіне электр және газбен жабдықтау инженерлік желілерінің құрылысы биылғы жылы аяқталып, сумен қамтамасыз ету жұмыстары бастау алатыны баяндамадан белгілі болды.

Биылғы жылы ауданымыз бойынша 83 шақырымға жуық автокөлік жолдарын жөндеу жоспарда болса, бұл өткен жылмен 185% артық екені де атап өтілді. Соның ішінде «Өңірлерді дамыту 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасының аясында 7,9 және 11 шағын аудандардың ішкі жолдарының құрылысы, Строитель 1 және Строитель 3 ш.а. жол және тротуарлар құрылысының аяқталуы, 12 және 13 ш.а. жолдарының құрылысы, «Ескі Аралтал» шағын ауданына кіреберіс және ішкі жолдарының құрылысы бар. Жалпы, аталған жоба бойынша 26 шақырым жол жөнделмек.

2022 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 932,6 млрд.теңгені құраған, бұл 2021 жылғы қаңтар-маусымнан нақты көлем индексі (НКИ) бойынша 3,0% - ға артық. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі бойынша 132,7% құраған, оның ішінде нан-тоқаш, ұннан жасалған өнімдердің өндірісі 99% пайызға, жеңіл өнеркәсіп, полиграфиялық қызметтер 101,5% пайызға, химиялық өнеркәсіп өнімдерін өндіру 110%-ға өскен.

Негізгі капиталға инвестициялар 123,6 млрд теңгені құрап отыр, бұл 2021 жылғы қаңтар-маусымдағы деңгейден 14,5% - ға артық.

Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды толғандырған Ақбұлақ ауылында орналасқан бөгеттің күрделі жөндеу жұмыстарына да қаражат бөлінген. Яғни, Қызылтал шағын ауданының еріген су басуынан инженерлік қорғау құрылысына республикалық бюджеттен 243 млн теңге бөлінген. Көптен шешімін таппай жүрген Ақсай қаласында өрт сөндіру депосының құрылысы да басталған. Аудан әкімі Е.Ихсанов жоспарда құны 233 млн теңгеге есептелген 4 автокөлікке арналған жаңа өрт сөндіру депосы бар екендігін айтып өтті.

Сондай ақ, аудан экономикасына жеке инвестициялар өсімінің оң серпіні байқалуда – деді әкім баяндамасында - Жалпы сомасы 12 млрд теңгеден асатын 22 жеке инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл 500-ден астам жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Құрылыс жұмыстары кезінде 300-ден астам жұмыс орны құрылды. Негізінен Инвестициялар көппәтерлі үйлердің, қонақ үй кешендерінің, супермаркеттердің, сауда үйлерінің, білім және медицина орталықтарының құрылысына, әртүрлі өнімдерді қайта өңдеуге және өндіруге, мал шаруашылығын өсіруге және басқа да салаларға бағытталған.

Сонымен бірге «2022 жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша аудан бюджетінің орындалуы туралы» экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Шамғонова, «жылу маусымына дайындық туралы» «Ақсайжылуқуат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директоры Ж. Құрманқұлов баяндама жасады.

Күн тәртібі бойынша тағы басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер шешімдер қабылданды.

Дариға Нұрашова, 

Бөрлі ауданы, 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале