19.08.2021, 11:35
Оқылды: 51

Жетінші орынмен түйіндедік

Дәстүрлі "Ақбидай" спартакиадасын табысты аяқтадық. Он екі ауданның мықтылары бас қосқан сайыста бөкейлік спортшыларымыз намысты қолдан бермеді. Айта кетелік, жазғы спартакиада биыл елдегі эпидахуалға байланысты өзгеше өткен еді. Ат бәйгесі Жәнібекте, қазақ күресі Казталовта, асық, тоғызқұмалақ Сырымда, қыздар волейболы Бәйтеректе, гір көтеру, қол күресі, теннис Орал қаласында ұйымдастырылды.

 акбидай финал (1)00

– Өздеріңізге мәлім, "Ақбидай" спартакиадасы әр төрт жыл сайын өтеді. Алдыңғы жарыста біздер жалпы командалық есепте 11 орынды иеленген болсақ, биыл жетінші орынға табан тіредік. Бұл да үлкен жетістік деп айтар едім. Мини футболдан өнер көрсеткен жігіттеріміз, волейболдан қыздар құрамасы тамаша ойындарымен көптің көзайымына айналса, ордалық тоғызқұмалақшылар да жүлделі орындардан көрініп, қуантып жатыр. Кикбоксингтен қатысқан жігіттеріміз де мықтылықтарын байқатты, - дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Жоламан Сисенғалиев.

Иә, "Ақбидай" бастау алғалы ауданның жүлде қорына алғашқылардың бірі болып гір көтеруден 73 келі салмақта Рахим Какимов ІІ орынды, 85 келі салмақта Қуанғали Жанғуатұлы ІІІ орынды алып берсе, білектілердің жеңісті жолын палуандарымыз да жалғастырды. Нұрбек Ғазезов қазақ күресінен 66 келі салмақта І орын иеленіп, Маңғыстауда өтетін аламанға жолдама алса, 82 келі салмақта Баймырза Меңдешев ІІ орын, Жанарбек Қауыс 100 келі салмақта ІІ орыннан көрінген болатын. Бөкейлік футболшыларымыз да жасыл алаңда жасындай жарқырап, үздік үштіктердің қатарынан көріне білді. Аудан абыройын көтерген жігіттердің жарқын жеңісін ордалық тоғызқұмалақшы Бибігүл Төлегенова да толықтырып, ІІІ орынды қанжығасына байлады. Кикбоксингтен ауданның намысын қорғаған спортшылардың да бабы мен бағы қатар шауып, жүлде қорын еселеді. Темірлан Қашқынбаев 75 келі бойынша І орын алса, Рүстем Төлегенов кикбоксинг фулл контакт бойынша ІІІ орынды еншіледі.

 

Арайлым Маратқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале