26.01.2021, 10:10
Оқылды: 54

Жиырма жыл күткен жол жетпек

Егін және мал шаруашылығы жақсы жолға қойылған Шалғай ауылдық округінде бірқатар игі іс атқарылған. Биылдан бастап бірнеше кәсіп иесі ірі қара мал басын асылдандырып, қой санын да көбейтпекші екен. Талавой, Карпов, Шалғай ауылдары маңында болған бөгеттерді қалыпқа келтіру мәселесі де шешілуде. Бүгінде ол бөгеттерге жеке инвестиция құю жағы реттеліпті. Бұл жайында Шалғай ауылында өткен Бәйтерек ауданы әкімінің есептік кездесуінде округ әкімі Талғат Кантемиров мәлімдеді.

E557F6BF-5E6F-4F88-B045-4A9CBC88DF3F

Талғат Хасанғалиұлының айтуынша, өткен жылы ауылдың бірнеше тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасқан. Осы кезге дейін шалғайлық ағайынның бас ауыртар мәселесі болған ауыл мен аудан орталығын қосатын жолдың жайы ретке келтірілгенін де ауылнай өз баяндамасында атап өтті. Жиырма жылдан бері жол азабын тартқан ауылдағы ағайын биылдан қалмай, жаңа жолға шығамыз дегенге разы.

Сонымен қатар ауыл әкімі кездесу барысында өткен жылы атқарған басқа да мәселелерге тоқталды.

Кейін аудан әкімі Марат Тоқжанов былтыр атқарылған жұмыстарды баяндады. Сөзінше, ауыл шаруашылығында бірқатар ілгерілеу байқалған. Егін уақытында егіліп, жинау барысында да ешқандай қиындық туындамапты. Мал шаруашылығы да жақсы жолға қойылғанын айтқан аудан басшысы түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жолдар салынып, әлеуметтік нысандар жөнделгенін және жаңа құрылыстар бой көтергенін де атап өтті.

Сонымен қатар М.Тоқжанов ұялы байланыс сапасын жақсартуға да көп көңіл бөлетінін жеткізді. Бұдан бөлек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ауылдарға бақылау камералары қойылатынын да тілге тиек етті.

Әр салада атқарылған жұмысты жіпке тізген аудан басшысы жастарды және жұмысшыларды баспанамен қамтуды да шешу жайы қарастырылатынына баса назар аударды.

-Биыл Шалғайға келер жол құрылысы аяқталады. Алдағы уақытта ауылдың басқа да мәселелеріне көңіл бөлінетін болады,- деді аудан басшысы.

Ауыл тұрғындарын ФАП-қа қосымша медициналық қызметкер жетіспейтінін мазалайды. Елге келіп, еңбек етем дәрігерге үй де дайын көрінеді. Сондай-ақ шалғайлық ағайын ауылда спорт алаңы салынса дейді.

Тұрғындардың алғашқы сұрағына жауап берген аудандық аурухана директоры Тимуржан Мусағалиев дәрігерлерге арналған үй жөнделсе, мамандарды жіберуге дайын екенін айтты. Ал спорт алаңын салу ісі уақыт еншісінде көрінеді.

Жергілікті кәсіпкер Александр Недопекин өткен жылы жақсы өнім алғанын айтып, ауылды техникалық сумен қамтамасыз ету жобасын қолға алу керектігін алға тартып, бұл жайтты пайдаға асыру жағына көмек қолын созуға дайын екенін жеткізді.

Жиын соңында Марат Лұқпанұлы ауылда атқарылған істерге көңілі толатындығын жеткізіп, тұрғындарды толғандырған әр мәселе қатаң бақылауда болатынын айтты.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале